"Дұрыс тамақтану графигін әр адамның жұмысына, өмір салтына орай бөлек бейімдеу қажет"
«Ас – адамның арқауы» десек те, кей кездері сол асты дұрыс тұтына білмейтініміз де шындық. Не мөлшерінен көбірек қарпып жейміз, не жеткізе алмай әлек боламыз. Ал кейде уақытылы тамақтанбай, организмге жүк түсіріп аламыз. Осының бәрі біздің өмір салтымызға орасан залал келтіруге жетіп жатыр. Бұл ретте белгілі кеңесші Толқын Жандаровамен тілдесіп көрген едік.
– Дұрыс тамақтанбаудың соңы ауруға әкеп соқтыратынын білеміз. Бірақ ас ішу барысында нақты неден қателесіп жүрміз?
–Қазіргі таңда семіздік генетикалық тұрғыдан өте аз деңгейде таралады. Көп жағдайда бұл тамақты талғап жей алмаудан туындайды. Ал тамақты жеп отырып оның дұрыс қорытылуы үшін қимыл жасай алмау да зиян. Дұрыс қорытылмаған соң семіздікке, басқа да ауруға шалдықтыратын көп қалдықтар қалып кетеді. Бұрын бір кластағы 30 баланың ішінде біреуі томпақ болса, қазір 30 баланың 10-15-і толық болып келеді. Көбіне толықтықты – гармондық өзгерістердің әсерінен деп ойлап, соған сай ем-дом жасайды. Бірақ бала одан арықтай алмайды. Бірінші кезекте, ата-анасы үйде дастарханға дұрыс тамақ қоюы керек. Қазір қауын-қарбыздың да, жеміс-жидектің де дәмі баяғыдай емес. Түгел болмаса да көбі солай. Себебі, олардың бойындағы тағамдық құндылығы азайып бара жатыр. Диетологтардың айтуынша, 114 микроэлемент күн сайын біздің ағзамызға керек. Оған қоса су мен қимылдың нормасы дұрыс болғаны жөн. Жалпы, салауатты өмір салтының 80 пайызын – тамақ құраса, 20 пайызы қимыл-қозғалысқа тиесілі. Осыдан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Сосын қазір көп жастар жедел дайындалатын тағамдарға үйірсек болып алды. Кез келген сауда үйіне кіреді де қуырылған картоп жеп, кола ішіп отырады. Ал жарты литр коланың құрамында бес қасық қанттың мөлшері бар (бұл тұжырым ғылыми тұрғыда дәлелденген). Ол қант біздің организмге барған кезде инсулин шамадан тыс көп бөлінеді де, майға қарай лақтырады. Ал инсулин дегеніміз біз уланып қалмас үшін қант деңгейін реттеп отыратын нәрсе ғой. Ал әлгі май жүрек, бүйрек, бауырға әртүрлі әсер ете бастайды. Әрине, зиянды жағынан.
–Ал дұрыс тамақтану режимін қарапайым тілмен қалай түсіндірсе болады?
–Дұрыс тамақтану графигін әр адамның жұмысына, өмір салтына орай бөлек бейімдеу қажет. Егер кеше кешке ішкен тамағыңыз құнарлы болса таңертең тұрған кезде адам аш оянады. Себебі, түні бойы тамақ қорытылып кетуі тиіс. Ал оянғаннан кейін көп адам асығады да нан мен майды жей салып, жұмысқа шығып кете береді. Бірақ бұл дұрыс тамақтануға жатпайды. Себебі, майдың өзі баяғыдай сапалы емес. Осыдан келіп адам әлсіздікке тап болады. Энергия жетіспеушілігі басталады. Біз әр адамның жұмысын, күн тәртібін, тамақтарға деген қызығушылығын қарастыра отырып, оған арнайы тамақтану графигін жасап береміз. Бұл туралы мен өзімнің Инстаграмдағы парақшамда (@zhandarovatolkyn) белсенді түрде жазып, жариялап отырамын.
Мәселен, бір адам түнде жұмыс істеуі мүмкін, біреулер жиі іссапарға шығуы мүмкін, үнемі ұшақпен ұшып жүретін адамдар болады – олардың рационы басқа дегендей. Адам кез келген нәрсені үйреніп кетеді ғой. Тек тұрақты дағды қалыптастыруы керек. Менен келіп кеңес алып, өмір салтын өзгерткен адамдар баршылық. Жүріп-тұрмақ түгілі салмағын көтере алмай, он метр жердегі дәретханаға бару мұң болған адамдар қазір базардан базар қоймай шарлап, шауып жүр. Олар ең қарапайым нәрсе – су ішуден бастап, дұрыс тамақтану және керекті дәрумендерді қолдану режимін сақтаудың арқасында осы жетістікке жетті.
– Неліктен дәл осы сала сізді қызықтырды және қанша жылдан бері дұрыс тамақтанудың жай-жапсарын адамдарға түсіндіріп жүрсіз?
–Негізі менің үш дипломым бар. Жап-жақсы компанияда, жақсы қызметте отырдым. Бірақ ақшам соншалықты жеткілікті бола тұра, денсаулығым болмай мазасызданып жүрдім. Сапарға шығып келсем аяқ-қолымды көтере алмай жатып қаламын. Иммунитетім тым әлсізденіп кетті. Содан ойлана келе таныстарым арқылы тамақтану жөніндегі кеңесшінің қабылдауында болдым. Ол менің бойымдағы су, май, кальций, басқа да параметрлерді есепке алып, арнайы диагностика жасады. Сол жердегі қызметкерлер: «сіз мұнда денсаулығыңызды ғана түзеп қоймайсыз, әрі бұл – жаңа мамандық» деп қызықтырды. Кейін ойлансам, жыл сайын қанша ақшаны ем-дом қабылдауға жұмсайды екенмін. Ал мұнда дұрыс тамақтану жүйесін жолға қоямын әрі өзім де пайда табамын. Ақыры ойлана келе осы салада жұмыс істеуге бел будым. Ең бастысы – өзім сияқты адамдарға көмектесу деген фактор менің қатты қызығушылығымды тудырды. Бұл шамамен 8 жылдай бұрын еді. Жалпы, адамдарға бірінші кезекте дұрыс тамақтаныңыздар деп кеңес беремін. Жұмысты, карьераны, білім алуды, еңбектенуді қоя тұрып, тамақтанудың бірінші орынға шығару керек. Себебі, дұрыстап, уақытылы ас ішпей, денсаулықты түземей тұрып жұмыста, карьерада жетістікке жету мүмкін емес. Әрине, адам үшін суды көбірек ішу маңызды. Тамақты талғап жеу керек. Күн сайын тамақты уақытымен бұлжытпай ішіп отыруы керек. дәл қазір барлық адамға арнап мынадай уақытта, мынадай ас ішіңіздер деп айта алмаймын. Өйткені, әр адамның жұмыс тәртібі, графигі әртүрлі. Егер бізге хабарласар болса, оған арнайы тамақтану графигін және сол тұлғаның денсаулық жағдайына сәйкес дәрумендер графигін тағайындап береміз. Ол графикті кемі 5-6 ай қалт еткізбей орындайтын болса нәтижесін көре бастайды.
–Рахмет!
Сұхбаттасқан Абай Аймағамбет