«Мас жүргізуші» жедел алдын алу шарасының екі күнгі нәтижесі қаладағы көлік қозғалысын бір реттеп алғандай болды. Өйткені полицейлер Жол жүрісі ережесін бұзудың 500-ден астам фактісін анықтап, 45 көлікті коммуналдық айыптұрағына қойған. Мәселен, түнгі уақытта патрульдік полицияның арнаулы батальон қызметкерлері мас күйде Skoda Rapid автомобилін тізгіндеген 29 жастағы жүргізушіні ұстаған. Тексеру барысында оның бұған дейін мас күйде рульге отырғаны үшін көлік жүргізу куәлігінен айырылғаны анықталған.
Жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынып, Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша қылмыстық іс аясында тергеу жүргізіліп жатыр. Жауапты орган мәліметінше, көлікті мас күйде басқарған барлық 38 жүргізуші 15 тәулікке қамауға алынған. Нәтижесінде, олар 7 жылға жүргізуші куәліктерінен айырылды. Осы ретте, полицейлер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көлікті мас күйде жүргізгені үшін жауапкершіліктің қатаңдағанын ескертеді.