Түркістан қаласының тарихында бұрын-соңды болмаған, еңселі жаңа халықаралық «әуе қақпасының» құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылды. Қаладан 20 шақырым жерде орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынған.
Оның құрылысына 102 бірлік арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұмылдырылды. Жалпы ауданы 905 гектарды алып жатқан халықаралық әуежайдың әлеуеті жылына шамамен 3 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге жетеді.
Осы күні Елбасы жаңа «Түркістан-Арена» стадионына барды. Жаңа спорт нысаны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен салынған екен.
Стадионның трибуналары 7 мың көрерменді сыйдыра алады. Ашық аренаның батыс және шығыс трибунасы бар. Сонымен қатар спорттық ғимаратта акробатикаға, боксқа және ауыр атлетикаға арналған жаттығу залдары орналасқан.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркістанда бой көтерген «Конгресс Холл» көп функционалды концерт залына да арнайы соға кетті. Нұрсұлтан Назарбаев концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да ірі іс-шараларға арналған көп функционалды мәдени нысанды аралады.
Жаңа ғимаратта 1 мың орындық көрермен залы, 4 дайындық бөлмесі, әкімшілік кеңселер және балаларға арналған ойын бөлмесі қарастырылған. Ғимаратты аралап көру кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жаңарған ел – бақ қонған ел» арнайы әзірленген бейнеролигі көрсетілді.
Елбасы қала орталығында орналасқан 120 орындық жаңа Rixos Turkistan қонақ үй кешеніне ат басын бұрды. Бұл – қонақ үй қызметін көрсетуде жоғары стандартты қатаң сақтайтын Rixos халықаралық қонақ үйлер желісінің бөлігі. Әлемдік деңгейдегі кешен отандық инвестордың қаражатына салынып, қала үшін жүзден астам жұмыс орнын ашыпты.
Осыдан кейін Н.Назарбаев «Ұлы Дала Елі» орталығында болды. Шара барысында Елбасы орталықтың «Ұлы Дала металлургиясы», «Ұлы даланың атты өнерінің мәдениеті» және «Қазақстан – түркі әлемінің бесігі» атты экспозициялық кешендерімен танысты. Сонымен қатар Тұңғыш Президент «Қазақ хандығы», «Ұлы даланың қала мәдениеті», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» және «Болашақ Қазақстан» атты тақырыптық залдарды аралады.
Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында Түркістан қаласының ары қарайғы даму жоспарына қанықты. Сондай-ақ «Керуен сарай» кешенінің тұсауы кесілді. «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі аумағындағы археологиялық зерттеудің қорытындысы туралы ақпарат ұсынылды. Бұдан бөлек, Елбасыға биыл тамыздағы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаттамалық тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндалды.
Тұңғыш Президент туристік және қалалық инфрақұрылым құрылысының жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті. Ол 2018 жылы Түркістанды қайта жаңғырту туралы өзі қабылдаған шешімді Қазақстан халқы қызу қолдағанына назар аудартты.
–Бүгін біз Түркістанның жаңа нысандарымен таныстық. Олар қаланың жаңа көрнекті орындарына, бүкіл Қазақстаннан және әлемнен келетін қонақтар мен туристер үшін тартылыс орталығына айналады. Түркістанның кең ауқымды құрылысы – тұтас өңірдің экономикалық дамуына серпін береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның байламынша, қаланың орналасқан жері, сондай-ақ Түркістанның түркі әлемінің маңызды бір рухани орталығы ретіндегі мәртебесі Орталық Азияның интеграциясы үшін болашақ тұғырнама қызметін атқара алады.
– Біз Түркістанда Түркітілдес елдер саммитін өткізуді жоспарлап едік. Әлемдегі ахуалға байланысты оны кейінге қалдырдық. Бәрі жақсы болса, оны әз-Наурызға қарай өткіземіз деген ойдамын, – деді Елбасы.
Таныстырылым барысында туристік инфрақұрылым құрылысын және көлік-логистикалық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру қажет екені баса айтылды.
Тұңғыш Президент Түркістан тұрғындары мен қонақтардың қолайлы өмір сүруі үшін қажетті ортаны құрудың маңызына екпін түсірді.
– Қаланың өркен жаярына және тұрғындарының саны арта береріне сенімдімін. Бұл жерде әртүрлі форумдар, жастарға арналған және спорттық іс-шаралар өткізу керек. Осылайша, біз қаланы баршаға паш етуге тиіспіз. Түркістанның түлеуі халқымыз үшін ерекше мәнге ие, – деді Елбасы.
Қала мен өңірдің одан әрі өркендеп, гүлденеріне сенім білдірді. Шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев журналистер үшін брифинг өткізді және «түркі әлемінің бесігіндегі» жаңа визит-орталықта орналасқан музейді аралады.