Ақ патшадан үлгі алсақ?
Патша заманында, Столыпин реформасы тұсында адамдарды өз еркімен қайта қоныстандыру алапат ауқымда жүргені тарихтан мәлім. Егер қазіргі бағдарлама соған шамалас қарқын алса, бар мәселені бірер жылда шешіп тастауға болар еді. Бірақ оған қабылдаушы өңірлерде не жұмыс орны, не инфрақұрылым, не баспана дайын емес.«2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мембағдарламасын жүзеге асыру аясында биылғы жылдың 8 айында жалпы саны 1 мың 384 адамнан тұратын 452 отбасы Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ республикалық маңыздағы қалалардан Солтүстік Қазақстан облысына келіп, жаңа өмір бастады», – дейді министрлік.Гүлмира Жоласпаева 1 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласынан СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданындағы Ковыльное ауылына аттаныпты. Өзі бұл таңдауына еш өкінбейді. Ол ауыл мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істейді. Күйеуі жергілікті агрокәсіпорында бригадир.
–Біз отбасымызбен елордада ұзақ уақыт жалдамалы пәтерлерде тентіреп жүрдік. Балалар ер жетіп қалды, олар мектептен мектепке ауыса бермей, алаңсыз оқуы керек. Тұрақтылық қажет. Сондықтан астанадан көшуге шешім қабылдадық. Бізге барлық жағдайы жасалған жақсы үй берілді. Қазір күйеуім екеуіміз тұрақты қызметтеміз, балаларым осында 2 және 4-сыныптарда оқиды, – дейді Г.Жоласпаева.Мұндай үлгілі мысалдар жетерлік. Бұрын қоғамнан орнын таба алмағандай күй кешкен жандар көшкеннен кейін көңілдері жайланып, болашаққа деген сенімге ие болған. Көпбалалы отбасының отағасы Дүйсембі Оспанов Түркістан облысынан СҚО-ның Қызылжар ауданына қайта қоныстанған соң «Еңбек» мембағдарламасы бойынша грантқа қол жеткізіп, оған ірі қара мал сатып алыпты. 4 баланың әкесі Азамат Нұрғабыловқа Шөптікөл ауылынан жалдамалы тұрғын үй берілген, оның 1 жылдық арендасын мемлекет субсидия аясында бюджеттен төлеп беріпті. А.Нұрғабыловтың өзі мал дәрігері болып жұмысқа орналасты. Еңбек ведомствосының дерегінше, 2020 жылдың 8 айында «Еңбек» бағдарламасы арқылы солтүстік облыстарға жалпы саны 4 мың 386 адамнан тұратын 1 мың 273 отбасы қоныс аударыпты. Оның ішінде тек 2 мың 303 адам ғана еңбекке жарамды жаста. Қалғаны бала-шаға, кемпір-шал. Осы еңбекке қабілетті мүшелердің 1 мың 652-сі ғана әзірге жұмыспен қамтылған. Қалғандары амалсыз «жастар тәжірибесіне» жолданған, оқу курстарына жіберілген. Арасында өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік қызметпен айналысатыны бар. Сондай-ақ өз ісін бастау үшін мемлекеттік грант иеленгендер де кездеседі. Тұтастай алғанда, Үкімет 2020 жылы 5 мың 825 адамды (1 мың 631 отбасы өтініш білдірген) көшіруді жоспарлап отыр. Әйткенмен, Үкіметтің ресми дерегінше, СҚО, Қостанай, Павлодар және Ақмола облыстарында жалпы алғанда 2,9 миллион жұмыс қолы жетіспейді.
Кеткендер қайтып келмей ме?
Жақында Екібастұзда шу шықты. Нұр-Сұлтаннан сол қалаға Nurly Еrtis бағдарламасы бойынша көшіп барғандар наразылық білдіріп, көшеге шығып, биліктен өздерін елордаға қайта апаруды талап етіпті. Себебі жалдамалы тұрғын үйдің 12 айлық ақысын өтеген субсидия аяқталды, әкімдік «ары қарай үй ақысын өз қалталарынан төлеуі» керегін ескертіпті. Бұған жауап ретінде қоныс аударғандар жұмыстың жоқтығына және баспананың сапасына көңілдері көншімейтінін жеткізген. 2019 жылдың тамызында 243 көпбалалы және аз қамтылған отбасы өз өтінішіне сәйкес бас қаладан Екібастұзға жол тартқан-тын. Оларды сонда үй берілетіні қызықтырыпты. Расында, жаңа орында оларға арендалық пәтердің кілті салтанатты түрде табысталды және оны 5 жылдан кейін жекешелендіріп алуына болатыны мәлімделді. Содан бері 1 жыл өтті, енді қыркүйек айынан бастап пәтердің арендасын және коммуналдық қызметтер төлемін олардың өзі төлеуі керек. Мұны естіген қоныстанушылардың бір бөлігі жұмыссыз жүргендіктен, бұған қаржысы жоғын хабарлапты. Тағы бір бөлігі мұндай сапасыз үйдің ақысын өтеуден бас тартатынын жариялаған. Әйтсе де, Екібастұзды жерсініп, «судай сіңіп, тастай батқандары» да жетерлік. Informburo мысалы, соның бірі – 4 баланың анасы Ұлболсын Намиәлиева туралы әңгімелейді. Елордада балаларымен бірге жатақханадағы құрқылтайдың ұясындай жалдамалы баспанада тұрған ол Павлодар облысында 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Мамандығы мейірбике болғандықтан, өз бетінше тез жұмыс тауып, коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрді. Жұмыс сыртында мемлекеттік грантпен ЖОО-ға түсіп, жоғары білім алуда. Кішкентайларына балабақшадан, ересек балаларына мектептен орын беріліпті. Күйі мен тұрғын үйіне көңілі тоқ, Нұр-Сұлтанға кері қайту ниеті жоқ.«Басымда баспана бар, жақсы жұмысым бар, тағы не керек? Ал наразы болып жүргендер қай жерде де: Нұр-Сұлтанда да, осында да әйтеуір сынап-мінеу үшін себеп табады», – дейді Ұ.Намиәлиева.Ғабитжан Хайдаров бұл байламмен келіспейді: ол бас қаладан «Екібасқа» тек тұрғын үй үшін көшіп келгенін жасырмайды. Елордада тұрақты жұмысы болыпты, тек баспанасыздық тауқыметін тартқан. Ерекше қажеттіліктері бар баласы дүниеге келгенде үй кезегіне тұрады. Былтыр әкімдік екі жолдың бірін таңдауды ұсынады: не Нұр-Сұлтанда тек жалға берілетін баспана ала алады немесе Nurly Еrtis бағдарламасымен Екібастұзға қоныс аударып, кейін жекешелендіруге болатын пәтерді иеленеді. Хайдаровтар екінші нұсқаны таңдайды.
«Осында келсем, мамандығым бойынша жұмыс тауып береді деп үміттендім. Бірақ шағын қалада қолайлы жұмыс орнын таба алмадым. Елордада жұмыс істеуді жалғастырғанмын. Ал бағдарлама шарты бойынша көшкен адам Екібастұзда жұмыс істеуі міндетті екен. Салдарынан бүгінде жұмыссызбын. Бұл қалаға кадрлар қажет шығар деп ойладым. Көшіп келгеннен кейін мұнда өз жұмыссыздары жеткілікті екеніне көз жеткіздім», – дейді Ғ. Хайдаров.Қоныс аударушылардан бастапқыда әр шаршы метрі үшін 152-166 теңге арасында жалдау ақысы сұралды. Әкімдік кейін оны 121-130 теңгеге дейін азайтқан. Яғни, 70 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер үшін айына 9 мың теңгедей төлеу қажет. Кейбірі соның өзін көпсінетін көрінеді. Дегенмен жаңа тұрғын үйлердің сапасыз салынғанын пәтер иелері кооперативі растайды. Қабырғалары әлден жарылып кеткен. 2019 жылдан бері Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға 243 отбасы қоныс аударыпты. 452 еңбекке жарамды адамның 276-сы жұмысқа тұра алды. 150 ана баласымен үйінде отыр. Біразы астанаға қайтқысы келеді. Онда бағдарлама аясында алған қомақты материалдық көмегін мемлекетке қайтаруы керек. Оның үстіне, Нұр-Сұлтанда бұрынғы үй кезегін қалпына келтіре алмайды: 3 жыл тұрған соң кезекке қайта құжат жинау шарт.
Өшпенділікті өркенді іс тойтарады
Биылғы 10 қыркүйекте Президент Қ.Тоқаев СҚО-ға сапары аясында Қызылжар ауданына өзге өңірлерден қоныс аударған азаматтармен жеке кездесіп, хал-жағдайын білді. Оларға арнап, екі жылдан бері осы облыс ауылдарында үй салу жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Былтыр 428 үй бой көтерсе, биыл 788 баспана тұрғызылады. Былтыр облысқа 736 отбасы, барлығы 2,2 мың адам көшіп келген. Биыл 700 отбасы немесе 2,4 мың адам қоныс аудармақ. Қ.Тоқаев сапарынан кейін бағдарлама қарқын алатынға ұқсайды. Ұлттық экономика министрлігі «СҚО-ны әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Үкіметтің қолданыстағы қаулысына өзгеріс енгізілетінін жариялады. Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысовтың мәліметінше, СҚО ауылдарында жыл сайын 1 мың жаңа пәтерден іске қосу көзделуде.«Көші-қонның теріс сальдосын жою және халықтың табиғи кемуін толықтыру мақсатында азаматтарды елдің оңтүстік өңірлерінен бергі жаққа көшіруді мақсат ететін осы бағдарламаны жалғастыру қажет. Осыған байланысты 2022-2024 жылдары қоныс аударушыларға арнап ауылдық жерлерде жыл сайын 1 000 үйден салу жоспарлануда. Ол кейін сатып алу құқығымен жалға беріледі. Осының арқасында қоныс аударушылардың саны жылына 4 мың адамға дейін жетеді. Әзірге 2 мыңнан көп аспай тұр. Қоныс аударушыларға үй салу жұмыс күші артық өңірлерден 20 мыңнан астам адамды әкелуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, солтүстік облыстарда еңбек нарығындағы жағдай жақсарады, ауылдағы шағын жинақты мектептер желісін сақтап қаламыз», – деді вице-министр.Осынша тұрғын үй салу үшін 2021-2023 жылдар аралығында жыл сайын 7 миллиард 700 мың теңгеден бөліп тұру көзделуде. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы осы мақсатта 5 млрд арна тартыпты. Алайда өзге жақтан көшіп келушілердің баспанамен жаппай қамтылуы жергілікті үйге мұқтаж тұрғындарда қызғаныш, тіпті жеккөрініш сезімін тудырған деседі. Бұл қайта қоныстанушылардың жергілікті жұртшылықпен қарым-қатынасына да әсер етуде. Әлеуметтік шиеленіс тумауы үшін СҚО әкімдігінің сұрауымен ел Үкіметі жергілікті үй кезегінде адамдарға да үй тұрғызатын болады. СҚО ақпаратына сәйкес, бүгінде облыстың аудандары мен Петропавл қаласының әкімдіктерінде барлығы 19,7 мың адам үй кезегінде тұр. Соның ішінде 3,5 мыңы – жетім бала, 7,5 мыңы – әлеуметтік осал топтар, 0,6 мыңы – көпбалалы отбасы, қалған 8,1 мыңы – мемқызметшілер және басқасы. Олардың ашынатын жөні бар: жыл сайын осы санаттағыларға 200-300 пәтер ғана табысталады. Бұл ретте, кезек жыл сайын тағы 500 адамға дейін артып отырады. Мысалы, 2020 жылдың бірінші жартысында үй кезегіне жаңадан 280 адам қосылды.
«2019 жылғы 27 ақпанда, «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы берген тапсырманы орындау үшін әлеуметтік осал топтағы барлық отбасыға тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы жылдық 2-3%-бен арзан ипотека беру тетігі әзірленді. Қазір СҚО-да 300-ге жуық отбасы осы тетікпен тұрғын үй алуға дайын. Проблеманы шешу үшін республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін 6 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл көрсеткіш 2019 жылы – 2,2 млрд, 2020 жылы 1,9 млрд теңге болды», – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.Сонда СҚО-да үй кезегіндегі тұрғындарға да жыл сайын 1 мың баспанадан ұсынылмақ. Жоба ілкімді іске асса, өзге өңірлерге өнегеге айналады.
Елдос СЕНБАЙ