Иә, көрермендер Қарақат Алмасқызын «Ақ құс» деп таниды. Өйткені ол Balapan арнасындағы «Ақ құс» сериалының саундтрегін орындаған-ды. Содан ба, Қарақат бүлдіршіндер арасында танымал. Оның бірде нәзік, бірде тылсым күшке ие дауысына кәрі де, жас та тәнті. Ұшқын Жамалбектің шәкірті композитордың бірсыпыра әнін орындап, қазақы нақышы бар әуенді бойға сіңіріп жүр. Ол бір сөзінде мұндай ән қазақ тілінің қаймағын сақтап, ұлттық колоритті бойға сіңіретінін айтқан-ды.
«Мен мұңсыз, үнсіз, сенсіз мұңаямын». Қарақат ұлттық іріктеуде осындай мәтінде ән салды. Себебі әкесіне деген жан толқынысын қазылар алқасы мен тыңдарманға әнімен жеткізді. Финалға дейінгі іріктеуде шетелдің Stone Gold туындысын орындаған-ды. Ал композиторлармен кездесуде әкесіне арнап ән салғысы келетінін Хамит Шанғалиевке айтқан екен.
«Бұл ән ішкі қазанымда қайнағанына ұзақ уақыт болған. Бірақ сыртқа шығаруға жүрексіндім. Маған бір күш қажет болды. Ал Қарақат өзінің оқиғасын айтқанда, еріксіз көзіме жас келді. Өйткені мені де әнге, өнерге жетелеген әкем-ді. Кішкентай қыз сезімге толы туындының дүниеге келуіне себепші болды», – дейді Forever әнінің авторы Хамит Шанғалиев.
Тарихы бар әнді айтқан Қарақат Башанова «әнді әкеме арнап емес, әкем естуі үшін орындаймын» деген-ді. Дәл солай болды. Композитор да, халық та «мұндай әнді орындау барысында кішкентай қыз жылап қалар десті». Жоқ, Қарақат мұңға толы жанарымен, ішкі дүниесімен әуезді әнді тыңдарманның көкейіне жеткізді. Сөйтіп, қазылар алқасы мен көрермен тарапынан 25,9% дауыс жинап, Польшада өтетін Junior Eurovision-ге жолдама алды.
«Маған сенім артқан елдің үмітін ақтаймын» деген ол қазір қызу дайындық жүргізіп жатыр. Ол 29 қараша күні Польша төрінде барын салатынын айтты. Шетелдік Селин Дион, Бейонсе мен Тина Карольдің шығармашылығын сүйетін Қарақат Алмасқызын алда жауапты сын күтіп тұр. Ал біз Қарақат Башановаға сәттілік тілейміз! Польша аспанында қанатыңды кең серпі, Ақ құс!