Мемлекетке иек артып несие алдық
Бұл істі жөнге салудың жолы бар ма? Жекеменшік балабақша басшылары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңға өзгеріс керегін нұсқайды. Мысалы, карантин кезінде балабақшалар 5 айға жуық мерзімге жұмысын тоқтатқан. Бірақ қызметкерлердің еңбекақысын төлеген. Себебі балабақша қызметкерлеріне 42 500 теңге берілген жоқ. Осыны негізге алған басшылар қарамағындағыларды табыс көзінсіз қалдырғысы келмеген. Оның үстіне, құрылтайшылар жалдау шығыны мен коммуналдық төлемді де төлеген. Олардың айтуынша, ешқандай жеңілдік болмаған. «Атамекен» ҰҚП ұсынған ақпаратта Білім және ғылым министрлігі тарапынан жан басына қаржыландыру әдіснамасы стандарты бекітілмеген. Кәсіп иелерінің айтуынша, заң мемлекеттің балабақшалардың сойылын соғады. Өз кезегінде жекеменшік балабақшалар толық мемлекеттік тапсырыс ала алмайды. Ал шығынның орнын ата-ана есебінен толтыру мүмкін емес. Өйткені ата-аналардың ақшасы тамақтану шығынынан ары аспайды. Кейінгі мәлімет бойынша, қыркүйек айынан бастап жекеменшік балабақшаларға бала санына байланысты субсидия төленеді. Мәселен, бұрындары балабақшаға 17 миллион теңге кіріс кірсе, қыркүйектен бастап 10 миллион теңге түседі. Оның 9 миллион теңгесін басшылар жалақы ретінде үлестіреді. Арғы жағында жалдау ақысы мен коммуналдық төлем барын есте ұстаңыз. Демек, қазір жекеменшік балабақшалардың шығынды жабар қаржысы жоқ.«Балабақша – әлеуметтік объект. Балалардан үнемдеуге болмайды.1990-2000 жылдардың аралығын алайықшы, сонда мыңдаған ата-ана балабақша кезегінде тұратын. Тіпті, баласы туыла сала балабақшаға кезекке қоятын-ды. Жекеменшік балабақшаларды әлеуметтік жағынан қолдамасақ, мұндай оқиға тағы да қайталанады. Тағы бір мәселе – бизнесіміз. Біз мемлекетке иек артып, үлкен сомада несие алдық. Оның үстіне, штатта жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысы бар. Егер мемлекет жәрдем бермесе, бәрі құрдымға кетеді. Мысалы, Еуропа елдері пандемия кезінде бизнеске біршама көмектесті. Біздің қай жеріміз кем? Басқа саладағы шығынды қысқартса да, әлеуметтік маңызы бар балабақшалардың жабылуына жол бермеу керек», – дейді Қарағандыдағы «Ақ бала» балабақшасының қызметкері Елена Ерш.
Есеп тапсыру кімге керек?
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы статистикасы бойынша, өткен жылы балабақшаға келушілер саны 89% болған. Қазіргі көрсеткіш 40-50%-ды көрсетіп тұр. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басына түскен жайға қарамастан жергілікті әкімдіктер мен прокуратура жекеменшік балабақшалардан есеп сұрауды бастаған. Олар бөбекжай басшыларына үнемделген қаржының есебін тапсыруды сұраған. Бұл пәрмен орындалмаса мемлекет қазынасына әр баладан 15 мың теңге көлемінде қаржы қайтарылуы тиіс. Ал жекеменшік балабақша иелері карантин басталғалы қаржы жағы қинап тұрғанын алға тартады. Олар мемлекеттің осындай талап қоярын білгенде наурыз айынан бастап балабақша қызметін тоқтатып, қызметкерлерді қысқарту амалын қарастыратын едік деп отыр. Мемлекет қазынасына 15 мың теңге қайтаратын болса, негізгі ақша қанша теңге дерсіз. Қазір жекеменшік балабақшалар жан басына шаққанда 30 150 теңге көлемінде қаржы алады. Айта кетерлігі, жыл сайынғы қымбатшылық субсидияға келгенде ескерілмейді. Оның үстіне, балабақша басшылары ғимаратты заманауи үлгіде безендіріп, ата-ана көңілінен шығуды ойлайды. Байқасаңыз, бұл да қыруар қаржыны талап етеді. Сондықтан балабақшаға кететін қосымша шығын көп. Сондықтан жекеменшік балабақша басшылары үнемделген қаржының есебін тапсыруға қарсы. Олар мұндай әрекет жеке кәсіпкерлікпен айналысу құқығын шектейтінін айтады. Осы орайда, Білім және ғылым министрлігінің жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс көлемін азайту туралы шешімі тағы бар. Бұл да жекеменшік балабақшалардың жабылуына ықпал етер факт. Ал мемлекеттік комиссияның соңғы хаттамасында карантин кезінде мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру үзілмеуі және қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуі тиіс екені жазылған. Сонда бұл нормативтің мемлекеттік және жекеменшік балабақша арасында қалай іске асатынын кім түсіндіреді? Білуімізше, мемлекеттік тапсырысқа жалақы, коммуналдық қызмет құны, жалдау ақысы, салық төлемдері, жөндеу жұмысы, әдістемелік материал сатып алу шығыны кіреді. Егер министрлік көрсеткендей жеке ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс көлемін азайту іске асса, жекеменшік балабақшалардың жағдайы не болмақ? Ал үнемделген қаржының есебін тапсыру кімге тиімді? Балабақша басшылары наурыз айында жұмыс 19-ы аяқталғанын алға тартады. Сәуір мен мамыр аралығында балалар қашықтан білім алған. «Есеп сұрар болса, онлайн дәрістің бейнежазбасын көрсетеміз» дейтін балабақшалар да бар. Осындайда онсызда өліара күйдегі мекемелерден есеп сұрап, қармап қалудың амалын доғарсақ қайтеді дерсіз... Ал елімізде жекеменшік балабақшалардың 60%-дан астамы мемлекеттік тапсырыссыз, ата-аналардың есебінен күн көретінін білесіз бе? Егер жағдай осылай жалғаса берсе, балабақша кезегі мәселесі күнтәртібінде тұрары анық. «Атамекен» ҰҚП дерегі бойынша, елде 1-6 жас аралығында 500 мың бала бар. Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында биыл 54 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Республика бойынша көрсеткіш күн санап өзгеріп жатыр. Кезекті азайтудың жолы жекеменшік балабақшалардың еншісінде екені белгілі. Алайда олардан есеп сұрап, мемлекеттік тапсырыс көлемін азайтса, жекеменшік балабақша қалай күн көрмек?..Айзат АЙДАРҚЫЗЫ