Тілсіз жау өлімге душар етеді
Тілсіз жау өлімге душар етеді
175
оқылды

Қазан айында еліміздің барлық өңірінде жылыту мерзімі басталды. Осы кезден бастап төтенше жағдайлар қызметі үшін жауапты кезең. Себебі дәл осы кезеңде жеке сектордағы тұрғын үйлерде өрт оқиғасы көбейеді. Соған байланысты төтенше жағдайлар қызметі халыққа түсіндіру жұмыстарын бастады. Ол туралы сәл кейінірек. Әуелі жыл басынан бері тіркелген өрт оқиғалары туралы бірер сөз. Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, осы жылдың алғашқы жартысында табиғи және техногендік сипаттағы 6 810 төтенше жағдай мен оқиға тіркелді. Салдарынан 1 437 адам зардап шегіп, соның ішінде 331 адам көз жұмды. Материалдық шығын 1 218,2 млн теңгені құрады.

Жарты жылдың ішінде ғана «112» шұғыл қызмет телефонына 3 миллионнан астам қоңырау түс­кен. Төтенше оқиғаларды жою үшін өрт сөндіру қызметі, ТЖ-ның же­­дел-құтқару және өзге де бөлім­ше­­лері 33 654 шығуды жүзеге асыр­ды.

6 026 адам құтқарылды, төтен­ше жағдай аймағынан 11 345 адам көшіріліп, 1 960   адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Бір қарағанда, мұның барлығы жай цифр болып көрінгенімен, оның астарында қаншама еңбек, сала қызметкерлерінің ерік-жігері мен жауапкершілігі бар.

Адам өмірін аман алып қалу үшін жанып жатқан нысанның ор­тасына қойып кететін, кәсібіне адал мамандар бар. Солардың бірі – ақтөбелік өрт сөндіруші Мұңал­бек Құлымбай. Ол қызмет­тен бос уақы­тында жеке шаруасы­мен   жол­да келе жатып, Прохоров кө­ше­­сіндегі 5 қабатты үйдің бал­кон терезесінен түтін шығып жат­қа­н­ын көреді, көре сала үйге қарай жүгі­­ре­ді. Қарсы алдынан қолын­да­ғы бала­сымен үрейленіп тұрған жас әйел шыға келеді. Әйел кіш­кен­­тай қызын қолында ұстап тұра­тын жағдайда болмай, Мұңал­бек­ке табыстайды. Мұңалбек оларға таза ауаға шығуға көмектесіп, қайта үйге кіріп, тұрғындарға: «Өрт, аула­ға шығыңыздар!» деп хабар­лай­ды. Сонда байқағаны, өрт екінші қа­бат­та шыққан екен. Кейін бел­гілі болғандай, сегіз жастағы бала өрт­тен қорқып, есікті жаппай қашып кеткен. Мұңалбек пәтерге кіргенде қорқып қалған дәрменсіз әжейді көреді. Әжейді арқасына салып, аулаға шығарады. Сол аралықта 1-МӨСБ екі өрт сөндіру бөлімі мен ӨСКҚ жедел кезекшісінің орын­басары, азаматтық қорғау майоры Қалихан Бақытжанов келіп жетеді. Мұңалбек осылай өзінің кәсіби міндетін демалыста жүрсе де адал атқара білді. Тілсіз жаудан жасқан­бай­тын жастар арамызда баршы­лық. Олар өрт сөндірушісі болмаса да, жалынның ортасында қалған­дар­ға қол ұшын созуды парызы санай­ды. Мұндай ерлік жасау­шы­лар арасында мектеп оқушылары жиі кездеседі. Бір ғана мысал айт­сақ, осы жылдың 22 ақпанында Батыс Қазақстан облысының Ақ­жайық ауданы Тайпақ ауылын­дағы 11-сынып оқушысы   Мирас Жүнісов   көршісінің үйі жағынан түтін иісін байқайды. Бір сәтте ойланбастан көршілерге жағдайды хабарлай сала, жанып жатқан үйге кіріп кетеді. Үйге кіре салысымен ересек ер адамды сыртқа шығара­ды. Үйге қайта кіріп тың тыңдайды. Бірнеше уақыттан кейін баланың дауысын естиді. Түтінге толған үй­ден 8 жасар баланы құтқарады. Облыстық төтенше жағдайлар де­пар­­таментінің дерегіне сүйен­сек, сол күні сағат 17.56-да бірың­ғай дис­петчерлік-кезекшілік қызмет бас­қармасының «112» нөміріне Ақ­жа­йық ауданы Тайпақ ауылын­дағы Ә.Молдағұлова көшесі, 13-үй, 1-пәтердегі өрт туралы хабар­ла­­­ма түседі. Оқиға орнына жеке құ­­ра­мнан 8 адам мен 2 техника ба­­рып, өртті 18.59 сағатта оқшау­лап, 19.52 сағатта толықтай сөндір­ді.

Бұл оқиғаның батыры Мирас Жүнісов 6 наурыз күні Төтенше жағдайлар департаментінің акт залында «Өрттегі ерлігі үшін» ме­да­лімен марапатталды. Сол күні ұлын лайықты тәрбиелегені үшін жасөспірімнің ата-анасына ІІМ министрі атынан алғысхат және баланың сынып жетекшісіне БҚО ТЖД бастығының алғысхаты табыс етілді.

Есте болса, биыл 10 қыркүйек күні Түркістан қаласындағы Royal grand hotel    қонақүйі өртенді. Өрт туралы хабарлама түскен соң оқиға орнына жеткен төтенше жағдай қызметкерлері ең алды­мен қонақүйдегі барлық адам­ды қауіп­сіз жерге эвакуа­ция­лап, өрт сөн­дірушілер өртті сөн­ді­руге кірісті. Өрт сөндіру кезінде қонақ үйге қарасты «Зил» маркалы газ құйыл­ған цистерна мен оның жанындағы екінші цистерна жа­ры­лып, бірне­ше қызметкер жары­лыс толқы­ны­нан жан-жаққа ұшып кетеді. Жарылыс салдарынан Түр­кістан қаласындағы орталық ауру­ха­наға жарақат алған 5 қызметкер жеткі­зілген еді. Жуырда Ішкі істер ми­нистрі, полиция генерал-лейте­нан­ты Ерлан Тұрғымбаев Түр­кіс­тан қаласына арнайы іссапармен келіп, облыстық төтенше жағдай­лар департаментінің ерлік жасаған батырларын   марапаттады.

Түркістан облысы полиция департаментінің ғимаратында Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е.Тұрғымбаев ел Пре­зи­денті Қ.Тоқаевтың 16 қыр­күйек­тегі №153 Жарлығымен Түркі­стан об­лысы ТЖД қызметкерлері Бақ­дау­лет Әлімқұлов, Құралбек Жұма­баев, Рүстем Сайдахметов, Бағ­лан Убайдиллаев «Ерлігі үшін» меда­­лімен марапаттады.

Салтанатты жиында министр Е.Тұрғымбаев: «Біздің ішкі істер органы қатарында ерлігін көрсетіп, антына адал болып келе жатқан сіздер секілді қызметкерлер барда халықтың ұйқысы тыныш әрі қауіпсіз болатынына сенімім мол» деп алғыс білдірді.

Жиыннан соң министр Түркі­стан облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ-і бастығының орын­ба­сары, азаматтық қорғау подпол­ков­­нигі Бақытжан Абдуғапаровтың үйіне арнайы барып, оған екінші дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Өртті өшіру кезінде күш-жі­герін аямай ерлік көрсеткені жә­не адамдарды құтқарудағы батыл­дығы мен батырлығы үшін алғыс айтып,   сауығып кетуіне тілектес еке­нін білдірді. Айта кетсек, Б.Абду­ғапаров бұған дейін Арыс қаласында азаматтарды құтқару кезінде де қайсарлығымен көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медалімен мара­­патталған болатын. Әрине, мұндай марапат өрт оқиғасы кезін­де адам денсаулығына келген зар­дап­ты басыбүтін жойып жібер­мей­ді. Дегенмен ерліктің еленгені жөн, өзгелерге үлгі. Дұрысы – сон­дай өрт оқиғасын болдырмау, ал­дын алу. Бұл бағытта атқа­ры­лып жатқан жұмыс баршы­лық. Сөз басында айтып өтке­н­дей, өрт оқиғаларының алдын алуға жылы­ту маусымы басталғалы жіті көңіл бөлініп отыр. Себебі өрт біз ойла­маған себептен тұтануы да мүмкін. Сондықтан бұл жұмыста ұсақ-түйекке дейін мән беру ма­ңыз­ды. Павлодар қалалық Төтен­ше жағ­дайлар басқармасы­ның ин­женері А.Жасұлановтың ай­туын­ша, өрттің негізгі себебі көп. Мәсе­лен, тұр­ғындардың өрт қауіп­сіздігі ере­желерін сақтамауы­нан, тұрмыс­тық электр техникасы мен электр сым­дарын пайдалануы­нан, пеш мұржаларының ақауы­нан, бала­лардың отпен ойнауынан, сондай-ақ қасақана өртеуден өрт оқиғасы болады.  

«Павлодар қаласының аума­ғын­да әрбір үшінші өрт оқиғасы пештің дұрыс жұмыс істемеуінен болады. Соның салдарынан өрттің пайда болуы, улы газбен улану, адам­дардың денсаулығы мен өм­і­ріне орны толмас зиян келтіре­ді, материалдық шығын тағы бар. Сондықтан жыл сайын жылыту мау­­сымында қалалық Төтенше жағ­­дайлар басқармасының қыз­мет­­керлері әртүрлі акциялар өткі­зіп, аулаларды аралап, жеке сектор ие­лерімен кездесулер өткізеді. Жуыр­да «Таза мұржа» акциясы шең­берінде мамандар қала маңын­да­ғы Ленин кентіне барды» дейді ол.

Аталған кентте үй иелерінің қаты­суымен пештің қыздырылған бөліктерінен жанғыш материалдар мен бұйымдарға дейінгі қашық­тық­ты өлшеп, жылыту пештерін қауіпсіз пайдалану бойынша ұсыныстар берілген, мұржаларды қолмен және арнайы аппаратпен тазалап көрсеткен.  

Шымкент қаласында да жылу беру маусымы қарсаңында Төтен­ше жағдайлар департаменті­нің қызметкерлері мен Jas Otan Жастар қанатының еріктілерімен про­фи­лактикалық рейдтер жүргізіп келе­ді. Сондай рейдтің бірі әл-Фараби ауданының жеке секто­рын­да тұр­мысы төмен отбасылардың тұра­тын жерінде өткізілді. Шараны ұйымдастырушылар газ және электр жабдықтарының, пештің ақауларына   ерекше назар аударды. Рейд қорытындысы бойынша, үй иелері олардың тұрғын үй қауіп­сіздігі үшін жауапкершілігі туралы ескертіліп, оларға негізгі ережелер мен өрт қауіпсіздігі талаптары туралы жадынамалар таратылды.

Солтүстік Қазақстан облысы­ның Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің және оның ведомстволық бағы­нысты мекемесінің қызмет­керлері «Өрт қауіпсіздігі күндері» аясында елді мекендердің жеке секторын аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін баяндап, пеш салу және пайдалану, электр сымдарын монтаждау, күлді кәдеге жарату кезінде қателікке жол бермес үшін   жадынамалар тарат­ты. Облыс орталығындағы Под­гора және Рабочий кентінде   4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасыларды аралап, азаматтық қорғау офицерлерімен уланудың алдын алу үшін бірқатар үйде көмірқышқыл газының қауіп­ті концентрациясына қатты әсер ететін газталдағыштар орнатылды. Бұл жұмыс облыс аудандарында да жүргізілген. Мәселен, СҚО ТЖД бастығының орынбасары, аза­мат­тық қорғау полковнигі Нұрлан Атығаев Айыртау ауданы Арық­ба­лық ауылында көпбалалы отбасы­лар мен жалғыз тұратын азамат­тарды аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Өткізген нұсқамадан кейін жергілікті атқа­ру­шы органдардың өкілдері мен азаматтық қорғау орган­дары­ның қызметкерлері үйлерде   газ датчик­терін орнатты.