Антирекорд
Экология мәселесіне келгенде Павлодар облысы антирекорд орнатудан алдына жан салмайды. Қазақстанның Экология министрлігі таратқан ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша өндіріс орындарынан ауаға тараған зиянды заттардың мөлшері 2,4 млн тонна болған. Оның 717 мың тоннасы павлодарлық кәсіпорындардың үлесіне тиіп отыр. Соңғы үш жылда аталған өңірдегі бұл көрсеткіш 14 пайызға, яғни 100 мың тоннаға артқан. Аймақ онкология, жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша да республикада «үздіктер» қатарында. Тағы бір антирекорд елдегі карантин кезінде тіркелді. Павлодар облысында жыл басынан бері пневмониядан 500-ге жуық адам көз жұмған. Мұның тақырыпқа не қатысы бар дерсіз? Мамандар лас ауа жергілікті тұрғындардың иммунитетін әбден әлсіретіп бітірді деп есептейді. Салдарынан олар қарапайым тұмаудың өзіне қарсы келе алмауда.Еліміз бойынша ауаға тарайтын өндірістік зиянды қалдықтардың ең көп мөлшері біздің облысымызға тиесілі. Павлодар пневмониядан көз жұмғандардың саны бойынша да елдің алдында. Бұл жай сәйкестік емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары атмосфераны ластайтын зиянды заттар адам иммунитетін едәуір төмендететінін дәлелдеп отыр. Ал елде тараған қауіпті кесел бірінші кезекте иммунитетке кері әсер ететіні белгілі, – дейді павлодарлық «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк.
Пайдасынан зияны басым
Құрылысы жоспарланған жаңа кәсіпорынның жырына оралайық. Мұнда ел нарығында зор сұранысқа ие кальций содасын өндіру көзделген. Бүгінде Қазақстан аталған өнімді шетелден экспорттайды. Алайда елде жоқ өндірісті іске қосып, шаш-етектен пайдаға кенеле қоямыз деген жергілікті биліктің бастамасына қоғам белсенділері мен тұрғындар түбегейлі қарсы келіп отыр. Ол түсінікті де. Кәсіпорынның жобалық құжаттарына көз жүгіртсек, кальций содасының өндірісінен жылына 2 млн текше метр көлемінде сұйық зиянды қалдықтар шығады. Сондай-ақ ауаға 1 200 тонна көлемінде өндірістік қалдықтар тарайды. Яғни, бір тонна дайын өнім алу үшін он тонна қоқыс қоршаған ортаға шығарылады. Онымен қоймай, қала іргесіне салынуы тиіс зауыт Ертіс өзенінен 2,5 млн текше метр су тұтынады деп жоспарланған. Экологиялық технологиялар бойынша құзырет орталығының директоры Ахан Өмірбек аталған кәсіпорын жобасы ескі технологияға негізделгенін айтуда.Сұйық қалдықтарды далаға төгу экологиялық апатқа әкеледі. Павлодар облысының аумағындағы барлық зауыт мұндай көлемде су пайдаланбайды. Мен облыс орталығында бұл кәсіпорынның салынуына түбегейлі қарсымын. Олардың басты мақсаты – өндіріс құнын арзандату. Қоршаған ортаны ойлап жатқан ешкім жоқ, – дейді Ахан Өмірбек.Халықтың қарсылығына қарамастан облыстың құзырлы органдары кальций содасын өндіретін зауыт құрылысы бойынша бірнеше рет қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. Барлық тыңдау сәтсіз аяқталды. Биліктегілердің беті қайтпайтын сияқты. Павлодар облысының Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев тұрғындар мен экология бағытында жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдар өкілдерінің пікірі ескеріліп, кәсіпорын жобасына түзетулер енгізілетінін мәлімдеді. Сәйкесінше, бұл мәселе тағы да қоғамдық тыңдауға шығарылатын сыңайлы.
Әкім уәде берді
Қоғам белсенділері кальций содасы зауытының құрылысына қатысты мәселені өткен айда Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің алдында да көтерді.Павлодар облысында қоршаған ортаға қосымша зиянын тигізетін жаңа өндіріс орындарын салуды тоқтату қажет, – деді «Эком» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Светлана Могилюк. – Егер қоршаған ортаға келтірілетін зиян көлемі тым арта түсетін болса, онда жаңа өндіріс орындарын салудан бас тарту қажет. Жаңа Экологиялық кодексте мұндай ұстаным қарастырылады, – деді Мағзұм Мырзағалиев.Ал Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов экологиялық тұрғыдан жаңа өндіріс орындарының санын шектеу мәселесін қарастыруға уәде берді. Алайда бұл уәде кальций содасын өндіретін кәсіпорынға жатпайтын сыңайлы. Себебі жыл соңына дейін аталған зауыт құрылысына қатысты тағы бір қоғамдық тыңдау өткізілуі мүмкін.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ