Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаеваның сөзіне қарағанда, қосымша білім беретін орталықтар шаһарда қыркүйектің басынан бері жұмыс істей бастаған. «Өздеріңіз білетіндей, елордада қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Қосымша білім беру ұйымдарында оқу үрдісі музыка, өнер және көркемсурет мектептерінде 1 қыркүйекте басталды. Алдын ала жазылу бойынша ата-аналардың өтініші және мұғалімдердің келісімі негізінде кезекші топтар ұйымдастырылды. Ондағы балалардың саны – 13 163», – деді Б. Сматаева баспасөз мәслихатында.
Сабақтар қашықтан, жеке түрде және 15 баладан аспайтын кезекші топта өткізіледі. Жеке сабақтарда шектеу бар. Яғни, бір балаға тек бір мұғалім болуы тиіс. Тәртіп солай. Сабақтың ұзақтығы штаттық режимде – 40 минут, онлайн түрде 15-тен 30 минутқа дейін. «Әрине, сабақ өткізу кезінде мұғалімдер жалпы білім беру мектептерінің сабақ кестесін басшылыққа алады», – деді Сматаева.
«Қаламыздағы барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптар қатаң сақталуын қадағалап отырмыз. Санитайзерлер, туннельдер, кілемшелер, тепловизорлар орнатылды. Сондай-ақ дезинфекциялау құралдарының қоры бар. Әрине, ата-аналар мектептің штаттық режимге көшуін сұрап жатқандарын түсінеміз. Бірақ мектептерді штаттық режимге көшіру елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты болады. Біз өз кезегімізде балалардың үздіксіз білім алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз», – деді елордалық Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Коронавирустың екінші толқыны Америка мен Еуропа елдерінде басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы қателіктерден сабақ алып, барынша дайын болу керегін ескерткен болатын. Осы ретте ата-аналар мен оқушылардың, ұстаздардың да карантин талаптарын қатаң сақтағаны керек-ақ. Себебі вирустық инфекциялар балаларға сирек жұғады десе де, елімізде мектеп жасындағы оқушылардың жұқтырған деректері тіркеліп отыр. Жаңа оқу жылы басталғалы елордада мұғалімдер арасында коронавирус жұқтырғандар жоқ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева мәлімдеген еді.
Сонымен қатар осыған дейін бірнеше кезекші сыныпқа сабақ беретін мұғалімнен коронавирус анықталса, онда мектеп жабылуы мүмкін деген ақпарат тараған. Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова осылай ескерткен. «Егер сыныпта бір оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталатын болса, мамандар эпидемиялық тексеріс жүргізеді. Сол сыныптың оқушылары, сабақ беретін мұғалімдер және инкубациялық кезеңде тығыз қарым-қатынаста болғандар оқшауланады» деген. Содан соң зертханалық тексеріс жүргізіледі. «Егер ауру бірнеше сыныпта немесе әртүрлі сыныпқа сабақ берген мұғалімдерден анықталса, онда аурудың одан ары таралуына жол бермеу мақсатында мектеп толық жабылуы мүмкін», – деген еді Айжан Есмағамбетова.