Осыған дейін отандық арналардың рейтингін көтеріп, көпшіліктің көзайымына айналып келген телехикаялардың дені өзге елден келді. Олардың экранға еркін жол тартатыны соншалық, жас-кәрі демей, түріктің актерлерін жатқа танып, үндінің құндылығын құнттап, кәрістің мәдениетін меңгеріп кетті. Әдеттегідей, «Өзіміздікі қашан?» деген сауалдың жауабын соңғы 3-4 жылдықта ғана таптық. Оған да шүкір. Енді отандық арналардан ең көп көрсететін сериалдардың сапасы қандай? Мазмұны көңілден шыға ма? Осы сауалдарды алдымызға көлденең тартып көрген едік.
Қалай десек те, телехикая бүгінде патша көңілді көрерменнің басты сұранысына айналды. Мемлекет те оған мән бере бастады деуге болады. Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік тапсырыспен 16 сериал түсірілсе, биыл 43 телехикая эфирге шығады.
Astana Media Week-тің сериалдық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбына арналған жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев осы тақырыпты тарқатып еді. «Телесериалдар бюджет есебінен қаржыландырылады. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш үш есе өсті. Алайда біз мемлекеттік телеарналарға ғана емес, жекеменшік арналарға да көп көңіл бөлеміз» деді ол.
Министрдің дерегінше, коммерциялық телеарналар 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 47 сериал түсірген.
Алайда аяғын тәй-тәй басып, көрерменнің көзқуанышына айнала бастаған телехикаяларымызға қатысты сын-ескертпелер де аз емес. Көрермен, сарапшылар бүгінгі қазақ сериалдарының бірнеше кемшілігін көрсетіп беріп жүр.
Ондайда, ең алдымен, телехикаялардағы сценарийдің әлсіздігі айтылады. Кейіпкерлердің ауызекі сөйлеу стилінде қисынсыз, ұйқаспайтын тұстар көрініс тауып жатады. Көрерменді өзіне бірден баурап ала алмайды. «Шыны керек, қазақ сериалдарының бір-екі бөлімін көргеннен кейін соңы немен аяқталатынын біліп отырасың. Фильмнің сәтті шығуы – ең біріншіден, режиссер, мықты сценарий мен ондағы ойнайтын актерлерге байланысты. Кейбір сериалдардан әнші немесе өнерге мүлдем қатысы жоқ жандардың жасанды, жаттанды сөздері, күлкісі, әрекеті бірден көзге ұрып тұрады. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» демекші, нағыз шебер артистер фильмде неғұрлым көбірек бой көрсетсе, сериалдың соғұрлым сәтті шыққаны. Өкінішке қарай, кейде отандық өнімдердің кейбірі шетел сериалдарының көшірмесі іспетті болып қалады» дейді киносыншы Самал Ермекова.
Отандық сериалдардың тағы бір ақсап тұрған тұсы – салт-дәстүріміздің телехикаяларда көрініс таба бермейтіні дер едік. Тарихқа, тарихи тұлғаларға бай қазақ халқының батырлары жайлы сериал саусақпен санарлық. Оларға қарап отырып қазақ тек махаббат пен отбасылық, әлеуметтік мәселелерден шыға алмайтындай күй кешетіні де жасырын емес. Бұған еңбек тақырыбының да жоқтығын қосуға болады. Қазақтың жүрегі – ауылшаруашылық саласы. Неге мақтаның маңызы, өсімдіктің өнімі, жеңіл өнеркәсіптің, шаруа қожалығының артықшылығы айтылмайды?
Кино да идеология құралы екенін ескерсек, бұл сала осы тақырыптарға бет бұрмайынша, екі қолға бір жұмыс таппай жүретіндердің қатары кемімейді.
Актер-продюсер Сәбит Әбдіxалықов: «Бізде бұл тақырыпта түсірілген кинолар бар. Жақында 10 бөлімді «Топыраққа тамған тер» сериалы шықты. Біртіндеп, бұған да келеміз», – деді. Иә, бұл туынды бізді де қуантты. Тек ондағы сюжет сәл ескірек. Дамыған теxнологияны, ғарыштан болжап, дән егушілікті, бүгінгі мүмкіндікті көрсетуде телеxикаяның ақсаған жерлері бар. Идея авторының бұл саланы толық білмейтіні, соңғы жаңалықтардан xабарсыздығы көрініп тұр. Бірақ бастама үшін жаман емес. Жүрекке жететін жері көп.
Режисерлердің қаржы жетпейтін, уақыт аздық ететін, асығып түсіре салатын салғырттығын сценаристің мағыналы мәтіні құтқарып қалған.
Бұл – аз. Қайткен күнде де отандық телехикаяларымызға осындай тың тақырыптар керек-ақ.
Сериал нарығындағы компаниялардың көбейіп, олардың көбіне өз командаларымен жұмыс істеуі де көптің назарындағы мәселеге айналып отыр.
«Қазақстан» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Танысбай «Сериал өндірушілермен мәселелерін талқылаған кезде ең алдымен бәрі баға жайын айтады. Бәрі де салықтық жеңілдікті сұрайды. Өз кезегімізде телеарна тарапынан сериал түсірушілерге деген талаптарымыз, айтар сынымыз бар. Мен оларға «соңғы жылдары барлық арнада бір ұзын сонар мелодрама жүріп жатқан секілді» деймін. Сол баяғы актерлар – шамамен 10-15 адам барлық сериалда түсе береді. Сол баяғы режиссерлер. Режиссердің стилін танып қойғаннан кейін көрерменнің көргісі де келмеуі мүмкін» деген еді.
Бірақ бұл пікірмен режиссер Мұрат Бидосов келіспейді. Оның айтуынша, кино мен телехикаяның арасы екі бөлек дүние. «Олар бір-бірімен туысқан болса да, арасы жер мен көктей. Киноның қаражаты көп болуы мүмкін, ал телехикаяның бюджеті аз. Әрі телесериалды айлап жүріп түсіретіндіктен, оны түсіретін топтың бір-бірімен тіл табысқаны дұрыс. Түсіру тобының бір-біріне үйренген адамдар болғаны жөн. Ал нақты актерлер қайталанып жатыр дегенге келіспеймін» дейді.
Бірнеше сериалдың продюсері Нартай Өтегеновтің де пікірі осыған саяды. «Әр телехикаяға нақты қанша қаржы бөлінетінін айтпай-ақ қояйын. Ол – өте аз. Біз қазір түрлі қиындықтарға қарамастан еңбек етіп отырмыз. Мәдениет министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келісе отырып, салық жағын азайтуды қолға алуы керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл телесериалдарға бөлінген қаржы қалтаны көтермейді» дейді ол.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дәл бүгінгі отандық телехикаяларда кейіпкер жақсы адам болса, өте жақсы, егер жаман болса, ол кейіпкер сериал біткенге дейін ең жаман адам болып жүреді. Шашыраңқы оқиға желісі мен тосын оқиғалардың аздығы мәселесі тағы бар. Сайып келгенде, бұл мәселелердің барлығы жобаға бөлінген қаржының жеткіліксіздігіне келіп тіреліп отыр.
Дегенмен күн санап саны өсіп келе жатқан қазақ сериалдарының аяқ алысы жаман деуге келмес. Сапа жағына көбірек көңіл бөлсек, экраннан әлі де түспей тұрған шетелдік сериалдарды басып озады деген ойдамыз.
Ақбота ӘЛІМ