Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
274
оқылды
«Ақорда» резиденциясында бірқатар шет мемлекеттің жаңадан тағайындалған Төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысына Беларусь Республикасының Елшісі Павел Утюпин, Финляндия Республикасының Елшісі Сойли Макелайнен-Буханист, Австрия Республикасының Елшісі Вилли Кемпель, Мажарстан Елшісі Михай Матяш Галошфаи сенім грамоталарын тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдің дипломатиялық миссиясы басшыларымен әңгімелесу барысында аталған төрт мемлекеттің барлығымен Қазақстанның қарым-қатынасы жақсы және түрлі салалардағы ықпалдастық деңгейі жоғары екенін атап өтті. Осыған байланысты Президент мемлекеттер арасындағы тиімді ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
– Сіздер Еуропаның төрт мемлекетінің өкілісіздер. Еліміздің Сыртқы саяси тұжырымдамасында Еуропамен арадағы қарым-қатынастарға ерекше мән берілді. Еуропа Қазақстанда саяси, экономикалық ынтымақтастық және инвестиция тарту ісі бойынша маңызды рөл атқарады. Ынтымақтастығымыз одан әрі жалғаса береді деп ойлаймын. Қазақстан мен сіздердің елдеріңіз арасындағы ықпалдастыққа қосымша серпін беруіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент коронавирус пандемиясына байланысты мемлекеттің мейлінше күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанын айтты.
– Біз қазіргі жағдайда екіжақты қатынастарға да, жаһандық өлшемге де әсер ететін жаңа күн тәртібін қарастыруымыз керек. Біз COVID-19 пандемиясының қиындықтары мен салдарын еңсеру үшін осы салада өзара тығыз ықпалдастық орнатамыз деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған жылсайынғы Жолдауында елімізді жаңғырту, қоғамдық өмірді демократияландыру мәселелерін қозғағанын атап өтіп, дипломаттарды аталған саладағы байланыстарды нығайтуға тиісті деңгейде мән беруге шақырды.
– Өзара түсіністікті нығайту үшін еліміздің Үкіметіне де, өздеріңіздің үкіметтеріңізге де көмектесесіздер деп үміттенемін. Қазіргі уақытта бұл аса маңызды. Көптеген мемлекеттердің арасында осындай өзара түсіністіктің жоқтығы халықаралық қатынастардың шиеленісуіне алып келеді. Мәселенің мәні осында, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың екіжақты қатынастарды әрі қарай нығайту ісіне табыс тіледі. Сонымен қатар өзінің әріптестеріне – Беларусь, Финляндия, Австрия және Мажарстан мемлекеттерінің басшылары мен үкіметтерінің жетекшілеріне жүрекжарды сәлемін жолдады.