– 2021 жылдан бастап ғылым ордалары төл үлгісіндегі әртүрлі дипломын беруге кіріседі. Осылайша, жоғары оқу орындары білім беру қызметінде толығымен дербестік алады. Солай екен, демек білім сапасы үшін жауапкершілікті де ЖОО-лардың өзі арқалауы керек, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.Оның байламынша, оқу орындары бұл дербестікті «өзі қалағанша диплом басып шығара берудің мүмкіндігі» деп санамауы қажет.
– Әрбір ЖОО өзі берген дипломды бағалауы, ардақ тұтуы тиіс. Осыған байланысты сұрақ туады: жоғары оқу орындарында білім беру жетістіктеріне мониторинг жүргізіп отыру қаншалықты орынды? Оның үстіне, аталған мониторинг нақты бір ЖОО-дағы оқыту бағдарламаларының сапасы туралы ешқандай түсінік бермейді. Сонымен бірге білім беру қызметіне бақылау міндетті түрде болуы тиіс. Бұдан былай ЖОО-лар бақылаусыз қалады екен деген жалған пікір қалыптаспауы керек, – деді Н.Нығматулин.Оның пікірінше, мұндай бақылау бар: кәсіпкерлік нысаны ретінде барлық ЖОО-ға Кәсіпкерлік кодекске сай бақылау жүзеге асырылады.
«Бүкіл ЖОО – нарықтың субъектісі. Демек, Білім және ғылым министрлігі Бас прокуратураның Құқықтық статистика және ақпарат орталығы арқылы нарыққа кіріп, олардың біліктілік талаптарына және білім беру стандарттарына қаншалықты сәйкестігін қадағалайды. Бұл уәкілетті органға, яғни БҒМ-ге ЖОО-лардың қызметін терең талдауға және оларды тиісті бағалауға мүмкіндік береді, – деген сенімде Нұрлан Нығматулин.Ол «Кейбір заңнамалық актілерге білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын пысықтайтын жұмыс тобына екінші оқылымға дейін бұл мәселені тағы да бір рет мұқият қарауды тапсырды. Заң жобасы сондай-ақ қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттар тізбесін жаңа құжатпен – дуальді оқыту туралы келісіммен толықтыруды ұсынады. Бұған қоса, техникалық және кәсіптік кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысты бөлу тетігін жетілдіру көзделген. «Жоғары колледж» және «колледж» ұғымдарының аражігі ашылады. Депутаттар қосымша білім алуға да мемлекеттік грант беруді ұсынды. Сондай-ақ мемлекеттік мектептер мен балабақшаларда бар тамақтандыру қызметін қосымша білім беру ұйымдарына да енгізу қарастырылып отыр. Палата «Қазақстанның Мемлекеттік шекарасы туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын ІІ оқылымда мақұлдады. Құжатта ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін әскери қызметшілер санатына ауыстыру және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жекелеген бөлімшелерін ҰҚК әскери құрамалары етіп қайта құру мүмкіндігі көзделген. Осы комитеттің ведомствосы мәртебесін бере отырып, авиацияны Шекара қызметінен шығаруды көздейтін түзетулер ұсынылады. Сондай-ақ осы органның оқу орындарын интеграциялау және кадрлар даярлау сапасын арттыру үшін заң жобасында Шекара қызметі академиясын ҰҚК қарамағына беру қарастырылған.
Айхан ШӘРІП