Сенат Спикері Қазақстанда бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуде иудей қауымы мемлекеттің маңызды серіктесі екенін және бұл дін өкілдері елімізде мәдениет пен руханияттың дамуына үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Бас раввинді және Қазақстандағы барша еврей қауымын Суккот мерекесімен құттықтады. Палата Төрағасы ежелден келе жатқан бұл мейрам сенім пен бірлікті арттыратынын және ізгілікті дәріптейтінін тілге тиек етті.
Кездесу барысында тараптар осыған дейін өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің қорытындыларын іске асыру жұмыстарына қатысты пікір алмасып, дінаралық диалогты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. М.Әшімбаев съездің халықаралық деңгейде мойындалғанын және жаһандық өркениетаралық диалогтың маңызды тетігіне айналғанын айтты.
Сондай-ақ Сенат Төрағасы Ватиканның Қазақстандағы өкілі – Апостол нунциі Фрэнсис Ассизи Чулликатпен де жүздесті. Кездесу барысында елімізде дінаралық диалогты дамыту және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды. Мәулен Әшімбаев биыл Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 28 жыл толғанына тоқталды. Сондай-ақ ол осы уақыт аралығында екі мемлекет түсіністік пен ынтымақтастыққа негізделген сындарлы өзара іс-қимыл қалыптастырғанына назар аударды.
Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы біздің қоғамда толеранттылықты және түрлі дін мен этнос өкілдеріне құрметпен қарауды дәріптеп жүрген Қазақстандағы католик шіркеуінің жұмысына мән бере кетті.
Бұдан бөлек, Мәулен Әшімбаев пен Фрэнсис Ассизи діни съезд хатшылығының жұмысы аясында сындарлы өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға ниетті екенін растады.