Естеріңізде болса, осы жылдың шілде айында әлеуметтік желіде түнде адам қағып өткен машинаның видеосы тараған. Жаяу жүргінші содан алған жарақатынан медициналық мекемекеде жан тапсырған болатын. Айыпталушы сотта кінәсін толық мойындады. Азаматтық талапты жартылай мойнына алып, соттан ауыр жазаламауын да сұраған.
Мемлекеттік айыптаушы тараптың сотқа айтқан талабы мынадай: 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырып, автокөлік тізгініне отыруға 5 жылға тыйым салу. Өз кезегінде жәбірленушілер осы іс бойынша барынша қатал жаза беруді талап еткен. Яғни, атап айтқанда, олардың талабы бас бостандығынан айыру және азаматтық талапты толығымен қанағаттандыру еді.
Аталған бап бойынша, бұл ретте ең максимал жаза 5 жылға түрмеге отырғызу. Дегенмен қылмыстық заңнаманың нормаларына сәйкес, жұмсарту мүмкін болған жағдайда, негізгі жазаның түрі орта қатаңдықтағы қылмыстық заңбұзушылық үшін максимал жазаның жартысынан аспауы тиіс. Осылайша, сот бұл іс бойынша жиналған дәлелдерді ескеріп, бағалай отырып, жұмсартуға болатын жағдайды есепке алды. Яғни, кінәні толығымен мойындауы, кішкентай баласының бар болуы, бұрын-соңды сотталмағаны ескерілген. Нәтижесінде, Дәркембаев А. есімді азаматты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөліміне сәйкес, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға шешім қабылдады. Сонымен қатар 5 жылға дейін автокөлікті басқару құжатынан айырды.
Сот шешімімен Шестакова Е. есімді азаматшаға моральдық зиян келтіргені үшін Дәркембаевқа 1 миллион теңге көлемінде шығын өтеу міндеттелді. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.