Дауыс беру кезеңі басталды
Дауыс беру кезеңі басталды
276
оқылды
Бүгінде партияішілік прайме­ризге 10 мыңнан астам кандидат қатысып жатыр. Олар сайлаушы­лармен кездесулер өткізеді, бәсе­ке­лестерімен әлеуметтік желілерде пікірсайысқа түседі, сайлаушылар­дың тапсырысын жинайды және депутат болып сайлана қалса, өз ай­мақтарының мәселелерін ше­шуге уәде береді. «Праймеризге виртуалды дауыс беру 2020 жылдың 1 қазанында сағат 00.00-де басталып, 3 қазанда сағат 14.00-ге дейін созылады. Сайлаушылар учаскелерде 2020 жыл­­дың 3 қазаны күні сағат 08.00 – 14.00 аралығында дауыс бере ала­ды», – деп көрсетілген хабарламада. Партия кез келген айла-шар­ғыны, бұрмалаушылықтар мен сайлау науқанының лас тәсілдерін қатаң түрде тыятынын мәлімдеді. Дегенмен праймериздің барлық процесі ашық және әділ өтеді. Пар­тия хатшылары сайлау науқа­нындағы маңызды сәттерді әлеу­меттік желілерде және партия мү­ше­лерімен кездесулерде түсін­діруде. Өз ЖСН-іне, ұялы телефон нө­мірі мен IP-адресіне сүйене отырып, тек «Nur Otan» партиясы­ның мүшелері ғана дауыс бере алады. Сайлаушылар төрт дауыс беру тәсілінің біреуін ғана таңдай алады: арнайы мобильді қосымша арқылы, primaries.kz сайты арқылы, учаскеде онлайн-дауыс беру ар­қылы немесе интернет қолже­тім­сіз жерде дәстүрлі қағаз бюллетеньді пайдалану арқылы. Партия мүше­лері өздерінің сайлау аймағындағы кез келген бірнеше кандидатқа дауыс беруге құқылы. «Кандидаттардың мәліметтері, олардың праймериз нәтижелері бойынша алған рейтингтері 5 қазанда партияның сайтында, сонымен қатар «Nur Otan» партия­сының әлеуметтік желілердегі па­рақшаларында жарияланады. Рейтингі жоғары қатысушылар ау­дандық, қалалық немесе облыстық саяси бірлестік филиалдары кон­фе­ренцияларында партиялық тізімдегі орындар үшін күресті жалғасты­рады», – деп хабарлады партияның баспасөз қызметі. Қатысушылардың қайсысының депутаттыққа кандидат болу мүм­кін­дігін иеленетіндіктерін аудан­дық, қалалық, облыстық конферен­циялардың делегаттары анықтайды. Олар «Nur Otan» партиясының ай­мақтық филиалдарының белгі­ленген квоталарына сәйкес, ұсы­нылған праймериз жеңімпаздары мен партия мүшелерін өкілді орган­дарға сайлау үшін партиялық тізім­дер жасайды. Сонымен қатар бар­лық партиялық тізімде әйелдердің кемінде 30 пайызы және 35 жасқа дейінгі жастардың 20 пайызы ұсынылуы тиіс. Партия съезінде делегаттар Пар­ламент Мәжілісіне депутат­тарды ұсынудың түпкілікті пар­тия­лық тізімін қабылдайды, оған праймериз жеңімпаздары да, Орта­лық партиялық квота бойынша кандидаттар да кіреді. «Nur Otan» партиясы атап өткендей, партияішілік сайлау Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен қолға алын­ған партияны «қайта жандан­ды­рудың» маңызды кезеңдерінің бірі саналады.  

Праймериз өткізу ережелерін бұзғандар анықталды

«Nur Otan» Партиялық бақылау комитеті әлеуметтік желіде тараған Түлкібас ауданының партия мү­шелерін праймеризде белгілі бір үміткерлерге дауыс беруге мәж­бүрлеу туралы ақпаратты тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша Түлкібас ауданына қарасты Сартөбе кентіндегі мектептің директоры Гүл­жан Әмірбекова білім орда­сын­дағы ұстаздарды бірқатар үміткерге, оның ішінде жұбайына дауыс беруге мәжбүрлеп, «Nur Otan» партия­сы­ның Праймериз өткізу ере­же­лерін өрескел бұзғаны белгілі болды. dayis bery Түлкібас аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы «Сартөбе» БПҰ-ға Гүлжан Әмір­беко­ваны «Nur Otan» партиясының қатарынан шығаруды ұсынды. Со­нымен қатар партияішілік іріктеу өткізу жөніндегі облыстық Ұйым­дастыру комитетінің шешімімен оның жұбайы Нұрлан Әмірбеков праймериз үміткерлері қатарынан шығарылды. Сондай-ақ партияның Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуатбек Еркебаевқа қатысты пар­тиялық тәртіптік жаза қолданылды. «Nur Otan» партиясының Пар­тиялық бақылау комитеті Ақмола облысында да праймериз өткізу ережесінің талаптарын бұза оты­рып, дауыс беруді өткізбек болған әрекетті анықтады. Пар­тияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысы Сандықтау ауда­нындағы «Білім» БПҰ төрағасының орынбасары «Nur Otan» пар­тиясының прайме­ризін өткізу ережесін бұзып, жаппай дауыс беруді ұйымдастыруға шақырған. 30 қыркүйекте осы мәселе бойынша партияның Ақмола облыстық филиалында партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті. Онда Сандықтау аумақтық филиалы Саяси кеңесінің бюросына пар­тиялық жауапкершілік туралы мәселені қарауды және Сандықтау аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.Ловягинаға «ескерту» партиялық жазалау ша­расын, сондай-ақ «Білім» БПҰ төрағасы Ж.Қайырымденов пен праймериз ережесін бұзғаны үшін «Білім» БПҰ төрағасының орын­басары Ю.Барахоеваға сөгіс түрін­дегі партиялық жазаны қол­дануды ұсыну туралы шешім қа­былданды. «Nur Otan» баспасөз қызметі Елбасы – Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партия ішіндегі сайлауда ашық, анық және әділ дауыс беруді қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында Орталық аппарат жергілікті жерлердегі осындай әрекеттердің қатаң түрде жолын кесетінін атап өтті. Айта кетейік, праймериз өткізу ережесін бұзу деректері бойынша 8 (800) 080 4441 жедел желісіне (қоңырау шалу тегін) немесе komek@nurotan.kz. электронды поштасына хабарласуға болады. Барлық жайтты Партиялық ба­қылау комитеті егжей-тегжейлі зерттейді. Кінәлілерге партиядан шығаруға дейінгі қатаң шаралар қолданылады.  

Әбілмансұр ЖАСАН