Илья Ильин өз таңдауын жасады
Илья Ильин өз таңдауын жасады
216
оқылды
– Праймериз батыс елдерінің тәжірибесінен алынып, біздің елімізде бірінші рет қолға алы­нып отыр. Бұл бастама Елба­сы­ның тапсырмасына сәйкес, болашаққа нық қадам басқан «Nur Otan» партиясының жұмы­сын жаңғырту аясында жүзеге асуда. Мақсаты да айқын, мықты лидерлерді анықтау. Әрине, кан­дидаттың сайлауалды бағдар­ла­малары партия платформасына, Президент Жолдауына және аумақтық партия сайлауалды бағдарламасына негізделген. Міне, бүгін сол мықтыларды анықтаудың шешуші кезеңіне жетіп, өз таңдауымды жасадым. Бұл – дода. Дода болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Ең бастысы азаматтық ұстаным­ды сақтап қалу керек. Барлық қа­тысушыларға сәттілік тілеймін, – дейді Илья Ильин.
Партияның ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышына айнал­ған Илья өз дауысын онлайн түрде берді. Яғни, жұмыс орнын­да отырып, веб портал көмегімен 5 минут уақытта жүзеге асырды. Ол праймериз ақпараттық жүйе­сінің ерекшелігін еліміздегі цифрлық технологияның дамуы нәтижесі екенін атап өтті.
– Праймериз үміткерлеріне дауыс беру үшін бірнеше мүмкін­діктер қарастырылған. Мобильді қосымша, веб портал, учаскеге барып онлайн немесе офлайн дауыс беру деген секілді. Мен primaries.kz порталы арқылы онлайн дауыс бердім. Бұл – Елбасы айтып жүрген «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасының жемісі, – дейді ол.
Атап өту керек, Қызылорда облысы бойынша 485 үміткер бақ сынауда. Облыстың қалалары мен аудандарында дауыс беруге арналған 133 орын анықталды. Олардың 103-інде дауыс беру он­лайн форматта, 30-ында қағаз бюллетеньдер арқылы өтеді. Дауыс берудің алғашқы күнінде қызылордалық нұротандықтар­дың 8 мыңнан астамы өз таң­дауын онлайн жасап үлгерді.  

Әбілмансұр ЖАСАН