Жуырда Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Атырау облысы бойынша өзекті мәселелерді анықтау, талқылау және шешу жолдарын қарастыруға арналған шараға 50-дей үкіметтік емес ұйым өкілдері мен облыстық әкімдік басқарма басшылары, қала әкімдігі мен БАҚ өкілдері қатысты.
Фасилитация форматында өткен шара үш сессияны құрады.
Топ-топқа бөлінген қатысушылар ең соңында облыстың дамуына үлес қосып, түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған үздік жобаларын облыс әкімінің назарына ұсынды. Жобаларды оң бағалаған аймақ басшысы олардың жүзеге асуын қамтамасыз етуді тиісті органдарға тапсырды.
Жыл өткен сайын үкіметтік емес ұйым өкілдерінің белсенділігі жоғарылап келе жатқанына ерекше тоқталған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов: «Мемлекеттік мекемелермен бірігіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын түрлі қоғамдық шараларды ұйымдастырып, спорттық, танымдық, әлеуметтік жобаларды іске асырып жатырсыздар. Азаматтық қоғамның қалыптасу және даму процесі үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланысты. Осы жұмыстарыңыз арқылы өңіріміздегі азаматтық қоғамның дамуына, ұрпақ денсаулығының оңалуына, экологияның жақсаруына және әлеуетіміздің артуына себеп болатындарыңызға сенімім мол», – деді.
Сондай-ақ аймақ басшысы М.Досмұхамбетов кездесудің нәтижесі Атырау өңірінің алға қарай дамып, аймақта қалыптасқан әлеуметтік мәселелерді шешуге және атқарушы органдардың қызметіне тың серпін беріп, жаңа сапалық деңгейге көтеруге септігін тигізетінін атап өтті.
Аталмыш шарада облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова биыл жергілікті бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 14 бағыт бойынша 734 452 880 теңге қаржы бөлінгеніне тоқталды.
Бұл қаражатқа білім беру, ғылым, ақпарат, денешынықтыру, спорт, азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау, қоршаған ортаны қорғау мен жастар саясаты, өзге де салаларда іргелі жұмыстар істелген.
Аймақ басшылары коронавируспен күресте үкіметтік емес ұйымдардың ерекше белсенділік танытып, бір жұдырықтай жұмылып, халыққа көмек көрсеткеніне алғыс айтты.
Атырау облысында Әділет департаментіне заңды тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны – 667. Оның 543-і – Атырау қаласында, 124-і – аудандарда. Сайып келгенде, бұлардың барлығының белсенділігі бірдей емес. Сондықтан олардың бәсекелестік танытып, азаматтық қоғамда жанкештілікпен жұмыс істеуі үшін ашық алаңда кездесу өткізудің маңызы зор. Бұл үрдіс алдағы уақытта жалғасып, өңірдегі ҮЕҰ-ның барлығы да қоғамға қызмет етуде белгілі бір нәтижеге жету үшін жұмыс атқарады деген үміт бары жүздесуде айтылды.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы