Сыртқы істер министрлігі мәлім еткендей, қазақ философы және ағартушысының 175 жылдығына арналған онлайн шараға Қазақстан, Индонезия және Малайзиядан қатысушылар, соның ішінде Қазақстан мен Индонезия елшілері, Индонезия парламентінің өкілдері, екі елдің ұлттық кітапханаларының басшылары, Индонезия академиялық топтары, жазушылар, сонымен қатар Индонезия-Қазақстан достар клубының мүшелері қатысқан.
Қазақстанның Индонезиядағы елшісі Данияр Сарекенов іс-шараның ашылу салтанатында Абайдың әлемнің көптеген тілдеріне аударылған ең жарқын туындыларының бірі саналатын «Қара сөздер» индонезиялық оқырмандар үшін алғаш рет ұсынылып отырғанын және олар дана ақынның шығармалары арқылы қазақ халқының рухани байлығы мен мәдениетін біле алатынын атап өтті. Қазақстандық дипломат «Қара сөздердің» көптеген ойы мен тұжырымы әлі күнге өзектілігін жоғалтпағанын және әлем халықтарының ортақ мұрасы болып отырғанын баса айтты.
Кітап кіріспесі авторларының бірі – Индонезияның Қазақстандағы елшісі Рахмат Прамоно Абай шығармалары адами қарым-қатынас туралы кешенді ойлар және қоғам мен ұлттың өмірі бойынша философиялық қорытындалары екенін атап өтті. «Кітаптың индонезия тілінде шығуы екі ел халқы арасындағы мәдени байланысты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін» деп қорытындылады индонезиялық дипломат.
Индонезия тіліндегі «Қара сөздердің» аудармасы екі елдің ұлттық кітапханаларына табысталады, сондай-ақ оларды электронды кітапханада орналастырылатын болады.