Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполовты қабылдады.
Бұл оқу орнының елімізге аграрлық сала мамандарын дайындауда орны бөлек. Тап осы мәселені Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ЖОО ректорымен кездесуде ерекше атап өтті. Ол университеттің отандық аграрлық сектор үшін жоғары білікті мамандар даярлау бойынша жүргізіп жатқан жұмысының маңыздылығына тоқталды. Инновациялық технологияларды енгізу және аграрлық ғылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осы орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған отандық ғылым саласын қолдау мен дамытудың жаңа тәсілдерін енгізудің өзектілігі атап өтілді.
– Өскелең ұрпақтың тәрбиесі жеке тұлғаның адамгершілік және азаматтық жауапкершілігін дамытуға бағытталған. Бұл үдерісте толеранттылық, ұлтаралық келісім, патриотизм, заңға бағынушылық және еңбекқорлық негізгі бағыт болуы керек, – деді Елбасы.
Оқу орны басшысы Тілектес Исабайұлы Нұрсұлтан Әбішұлына Үкімет қаулысымен университетке ұлттық зерттеу мәртебесі берілгені жөнінде мәлімдеді.
Орайы келіп тұрғанда айта кетсек, университет былтыр QS әлемдік үздік жоғары оқу орындары рейтингінде 60 сатыға көтеріліп, 591-орынға ие болды. Алдағы мақсат – 2024 жылға қарай QS-400 рейтингімен әлемдік деңгейдегі университетке айналу.