Арман Қырықбаев «Праймериз» жүйесінде сайлаушылардың қалай дауыс беріп жатқанын айтты
Арман Қырықбаев «Праймериз» жүйесінде сайлаушылардың қалай дауыс беріп жатқанын айтты
231
оқылды
Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев «Праймериз» ақпараттық жүйесінде сайлаушылардың қалай дауыс беріп жатқанын айтты. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Құрметті достар!
«Nur Otan» праймеризіндегі дауыс беруге қатысты қазіргі ахуал жайында әріптесім, партия хатшысы
Alibek Aldeney әлеуметтік желіде посты жарияланды. Онда дауыс берудің өту барысы мен кейбір қиындықтарға жан-жақты түсіндірме берілген. Осында айтылғандарды толық қолдаймын.
Өздеріңізге мәлім, праймериз өз мәресіне таяды. Дауыс беру қарқынды жүруде. Қазіргі сәтке дейін 300 мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді. Бастапқыда жұрт арасында «Nur Otan» праймеризі кімге керек, ол қызықсыз өтеді» деген сыңайдағы түрлі күмән келтірген пікірлер болған еді. Қазір көріп отырғанымыздай, керісінше дауыс беру барынша қызу, тартысты өтіп жатыр. Белсенділік өте жоғары. Арасында үміткерлердің алды бір-бірін айыптап, әділетсіздердің орын алғанын айтып та шағым жасауда.
Мысалы, праймеризге қатысушылардың бірі Malikova Laura өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осындай келеңсіздіктер туралы мәлімдеді. Қазір осында айтылған жайттерді Партиялық бақылау комитеті мұқият қарастырып жатыр. Бұл айтылған фактілер расталатын болса, партия тарапынан барынша қатаң шара қолданылады. Партияның осы кезге дейін Ақмола, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Балқаш қалаларында праймериз өткізу барысында орын алған тәртіп бұзушылықтарға байланысты тиісті жаза қолданғанын білесіздер. Партия праймериздің ашық, таза және әділ өтуіне барынша мүдделі.
Рас, дауыс берудің бірінші күнінде «Праймериз» ақпараттық жүйесінде аздаған іркілістер болып, жұмысы баяулады. Әрине, бір мезетте ақпараттық жүйеге өте қомақты көлемде пайдаланушылар кірсе, оған айтарлықтай салмақ түсетіні заңды. Бұл өз кезегінде жүйенің жұмысына әсер етеді. Осыған байланысты партия тарапынан шұғыл шаралар қабылданып, жүйенің техникалық мүмкіндігі арттырылды. Қазір қалыпты жұмыс істеп тұр.
Праймеризге қатысушыларға айтарым, алған беттен қайтпаңыздар. Тек табандылар ғана жеңіс тұғырынан көрінеді. Нәтижені бір-екі дауыстың өзі шешуі мүмкін. Сондықтан, кейбір келеңсіздіктерге қарап, алдын ала еңсе түсіруге немесе негізсіз байбалам салуға болмайды. Осыған бел буған соң, соңына дейін бару керек. Дауыс беру ортасына енді ғана келді. Әлі де уақыт жеткілікті.
Электронды дауыс берушілерден бөлек, Интернетке қолжетімсіз жерлерде тағы да 80 мыңдай адам дәстүрлі түрде қағаз бюллетеньмен дауыс береді. Осыны ұмытпаңыздар. Әрбір дауыс үшін күресіңіздер. Егер әділетсіздіктер орын алып жатса, кейбір бұрмалаушылықтарды байқасаңыздар, жасырып жаппай, «Nur Otan»-ның партиялық бақылау органдарына хабарлаңыздар. Бұған қоса (800) 080 4441 (қоңырау шалу тегін) жедел желісіне жүгінуге немесе komek@nurotan.kz электронды почтасына хат жолдауға болады. Фактілер расталса, партия оларға қатысты барынша қатаң шара қолданады. Тіпті бұрмалаушылыққа жол берген кандидат тіркеуден шығарылып, дауыс беру нәтижесі жойылуы да мүмкін.
Баса айта кететін нәрсе, тек қана негізді фактіні ғана ұсыныңыздар. Дәлелсіз арыз беріп, Партиялық бақылау комитетінің уақытын алмау керек.
Баршаңызға сәттілік, табыс тілеймін!",- деп жазды ол.