2 қазан күні түнгі сағат 3:00-де Алматы қаласы Әуезов ауданында кезекшілікте жүрген учаскелік полиция инспекторы аяқ астынан тосын оқиғаға тап болды.
Ол түнгі жұмыс барысында аталған ауданның Лазерева көшесіндегі №79 үйдің өртке оранғанын байқап қалады. Учаскелік инспектор дереу өрт қызметі мен жедел жәрдемді шақырып, көршілерінің есігін қағып, бәрін оятады. Жедел қимылдап, отқа оранып жатқан үйге кіреді. 72 жастағы қарт Александр Никулинді құтқарып, аман алып шығады. Өкінішке қарай, отқа оранған үйдегі 15 жастағы бала мен 32 жастағы жігітті құтқару мүмкін болмады. Бұл кезде жанған үйдің шаңырағы ортасына түскен. Алайда учаскелік инспектор дер кезінде құтқару қызметіне хабар беріп, өрттің көрші үйлерге жалғасып кетпеуіне көп көмегін тигізді.
Расында да полицейлер үнемі тосын оқиғалардың ортасында жүреді. Кейде өздерінің өміріне қауіп төнеді. Бірақ соған қарамастан алдымен адамдардың қауіпсіздігін ойлайды. Құтқарады, қауіпке басын тігіп, қызмет бабында түрлі оқиғаларға кезігеді. Сондықтан қызыл жалынның арасынан 72 жастағы қарт Александр Никулинді аман алып қалған учаскелік инспектор Бектемір Минарұлы Кауымбаевтың бұл әрекеті ерлікке пара пар екені анық. Ал тиісті орындар қауіпке басын тіккен полицейдің ерлігін ескереді деген ойдамыз.