"Үркер – 2020" ұлттық сыйлығына қатысуға өтінім қабылдау басталды
"Үркер – 2020" ұлттық сыйлығына қатысуға өтінім қабылдау басталды
107
оқылды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры "Үркер – 2020" Ұлттық сыйлығына қатысу үшін өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарлады.

Ұлттық сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі, журналистика мәртебесін арттыруға, оны насихаттап ерекшелейтін кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге бағытталған. Конкурс мақсаты – талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсету. 

Бәйгеге контентті өндіретін және тарататын республикалық және өңірлік радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады.

Биыл болған әлемдік өзгерістерге байланысты «Үркер» Ұлттық сыйлығы күз маусымында өткізіледі. Өтінімдер 2020 жылдың 2 қазанынан 2 қарашасына дейін қабылданады.

Конкурстық жұмыстарға қойылатын талаптар:

- жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтары мен 2020 жылдың 01 қарашасы аралығында жариялануы тиіс;

- жұмыстар баспа басылымында, интернет-ресурста жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс.

«Үркер – 2020» Ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі онлайн форматта 2020 жылдың 13 қарашасында өтеді.

«Үркер – 2020» сыйлығы 11 номинация бойынша марапатталады:

  1. Жылдың үздік фотосуреті;
  2. Жылдың үздік репортажы;
  3. Жылдың үздік аналитикалық материалы;
  4. Жылдың үздік журналистік зерттеуі;
  5. Жылдың үздік сұхбаты;
  6. Жылдың үздік танымдық материалы;
  7. Радиостанциядағы үздік жоба;
  8. Жылдың үздік жаңалықтар порталы;
  9. Жылдың үздік газеті;
  10. Жылдың үздік журналы;
  11. Шерхан Мұртаза атындағы Номинация.

Биыл публицистерге жеке номинация арналды. Номинация Шерхан Мұртазаның құрметіне аталды. Шерхан Мұртазаның есімімен тек қазақ әдебиеті ғана емес, отандық журналистика да байланысты. Қазақстандық публицистика саласының майталманы кәсіби журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген еді. Бүгінгі қоғам өмірінің өзекті мәселелері мен құбылыстарына өз жұмыстарын арнаған авторлар аталмыш номинацияға үміткер бола алады. Материалдар баспа немесе интернет-басылымдарда қазақ немесе орыс тілдерінде жариялануы тиіс.

Байқау жұмыстарын беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері және халықаралық медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.

Конкурс қорытындысы бойынша әр номинацияның үздік өкіліне жеңімпаз атағы беріліп, «Үркер-2020» естелік мүсіншесі және 1 000 0000 теңге мөлшеріндегі ақшалай сый табысталады. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер https://urker-awards.kz/ru/ ресми сайтындағы тиісті өтінімді толтыруы қажет.