Тоқаев Кувейттің жаңадан тағайындалған әмірін құттықтады
Тоқаев Кувейттің жаңадан тағайындалған әмірін құттықтады
196
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт мемлекетінің әмірі шейх Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахтың аса жауапты лауазымға тағайындалуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, - деп жазады Ақорданың ресми сайты. 
«Сізді таққа отырғызу туралы шешімді Кувейттің өркендеуіне және мүддесін қамтамасыз етуге ұзақ жылдан бері сіңіріп келе жатқан риясыз қызметіңізге әулетіңіз бен отандастарыңыздың берген жоғары бағасы әрі еліңіздің игілігі жолындағы болашақ жеңістеріңізге деген нық сенімінің айғағы деп білемін. Қазіргі таңда Кувейт – іргесі берік, экономикасы әлеуетті, халқының әл-ауқаты жылдан жылға артып отырған ел, сондай-ақ оның халықаралық қауымдастықтағы мерейі де үстем. Осы ретте, сіздің басшылығыңызбен Кувейт мемлекетінің дамуы баянды болып, игі мақсат-мұраттарға жете беруіне тілектеспін», – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кувейт халықтарының игілігі үшін екі ел арасындағы шынайы достық пен өзара қолдауға негізделген әртүрлі саладағы ынтымақтастықты өрістетуге, бірлесе күш-жігер жұмсауға дайын екенін растады. Мемлекет басшысы шейх Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахтың аса жауапты қызметіне мол табыс, ал достас Кувейт халқына құт-береке тіледі. Еске сала кетейік, 29 қыркүйекте Кувейт мемлекетінің әмірі Шейх Сабах 91 жасында қайтыс болды.