Бізге қанша экспат керек?
Бізге қанша экспат керек?
231
оқылды
 

Қай деректі есепке аламыз?

Әуелі Еңбек министрлігінің есебіне көз жүгіртсек. Сонымен, қазіргі кезде 16 378 шетел азаматы Қазақстанда нәпақасын тауып жүр. Оның 637-сі, шамамен 4 пайызы бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары), 3 481-і екін­ші санатқа (құрылымдық бө­лімшелердің басшылары) ен­ген. Ал қалған 7 617-сі үшінші (мамандар), 1 153-і төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар. Одан бөлек маусымдық жұмыстарға – 1 792, корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 698 шетелдік еңбекке тартылған. Елімізге жұмысқа келетіндердің көбі Қытай (3 579 адам), Өзбекстан (1 774 адам), Түркия (1 161 адам), Үндістан (1 266 адам), Ұлыбритания (1 081 адам) елінің азаматтары. Бірақ осы жерден шикілік аңғарғандай болдық. Қай өңірге барсаңыз да, құрылыс саласында жүрген өзбек азаматтарын көресіз. Ең­бек министрлігі көрсеткен өзбек­стан­дықтардың саны бұдан әлдеқайда көп секілді. Ведомство тек квота бойынша келгендерді есепке алып отырғаны анық. Ал Ішкі істер министрлігі ақпан айының соңында елімізде жалданып жұ­мыс істеп жүрген 394 мың өз­бек­стандықты анықтаған. Жеке тұл­ғаларға жалданып жүрген бұл азаматтардан ІІМ салығын жи­нап, жұмысын жалғастыруға рұқ­сат береді екен. Онда шетелдік жұмыс күші үшін бөлінген кво­та қайда қалды? 2020 жылы Қа­з­­ақ­с­тан аумағында шетелдік жұ­мыс­шыларды тарту үшін 29,3 мың квота бөлінген. Мұның өзі шетелдік еңбек мигранттарына қоғам наразылығы күшейген соң барып азайғанын білеміз. Былтыр 48,7 мың квота болған, оның шамамен 40 пайызы қысқарып отыр.  

Еңбекақысы аз, жұмысы өнімді

Өзбекстандық еңбек мигрант­тарын сөз еткенде түрлі пікір айтушылар бар. Бірі  қажеті жоқ десе, келесісі өз азаматтарымыз аз ақшаға жұмыс істемейтінін ай­та­ды. Ешкімді жалқау деп сөге алмаймыз, бірақ жеке азаматтар үшін өзбекстандықтарды жалдау тиімді болып тұр. Оларға төлейтін ақшаны өз азаматтарымызға беріп, үй-жайыңызды тұрғыза алмайсыз. Сөзіміз жалған болмасын деген ниетпен өзбек жұмысшыларын жалдап көрген азаматтарды іздес­тіріп, Қызылорда қаласының тұр­ғыны Мұқан Төлегеновті ұшы­раттық. Екі жыл бұрын үйін өзбек азаматтарына салдырған ол  көп шығындалмағанын айтады. – 5 бөлмелі үйімді өргізіп, басқа да жұмыстарын жасатқаным үшін 4 өзбек азаматы 300 мың теңге ғана алды. Ал өз азаматтарымызға ондай жұмыс істете алмайсыз. Өрген 1 кесегі үшін 12 теңге сұрады. Менің үйіме 30 мыңнан көп кесек кетті. Сонда тек үйдің кесегін өргізу үшін 360 мың теңгеге шығындалар едім. Өріп береді, қалған жұмыстарына тағы да төлеуім керек болады. Сонда екі есе шығындаламын. Бұл тиімді емес, – дейді азамат.  

Шетелдіктер жасаған қылмыс көп

  Шетелден келген еңбек ми­гранттарының пайдасымен те­ңесер залалы да бар. Жыл сайын шекарамызға 5,5 миллион шетел азаматы кіріп-шықса, соның 2,5 миллионы – өзбек азаматы. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, 2018 жылдан бастап 2020 жылдың қыркүйек айына де­йін шетелдіктер тарапынан 220 мың­­нан астам әкімшілік құқық­бұзушылық тіркеліп, 4 мыңға жуық қылмыс жасалған. Одан бөлек пробациялық бақылауға алынған және жазасын өтеп жатқан 1,3 мың мигрант бар. Қазақстанда қыл­мыс жасағандардың 83,2 па­йызы – жұмыссыздар. Демек, был­тыр ел аумағында тіркелген 243 462 қылмыстың 202 560-ы ең­бек етпейтіндердің  қолынан бо­лыпты. Шетелдіктердің қыл­мысы да осыған ұқсас, басым бө­лігін Қазақстанға жұмыс іздеп келген өзбек азаматтары жасайды екен. Ал заң ғылымының докторы Арықбай Ағыбаев болса, өзге ел азаматтарының қылмысына ті­келей шекара қызметіндегілердің кінәсі бар екенін жеткізді.
– Шекарамыз өте әлсіз. Өз­бек­стан азаматтары неге емін-еркін елге кіріп, қылмыс жасай береді? Себебі шекарада жөнді тек­сермейді. Рұқсаты жоқ адам­дарды да өткізіп жібереді. Бұл – шекара қызметінде парақорлық жайлағанының белгісі. Оның үстіне, біз қылмыс жасаған шетел азаматтарын соттай алмаймыз. Еліне қайтарып жіберіп, жазалауды сұраймыз. Ал елімізде соттау үшін мемлекетаралық келісім керек. Әрі кетсе, елден қуамыз. Онымен іс бітпейді. Айналдырған екі жарым жылдың ішінде 25 мың шетелдікті шекарадан шығарып жібердік. Жазасыз кетті. Бұрын ел аумағында қылмыс жасағандардың ізіне түсіп, бәрін тауып, лайықты жазасын берген абзал. Осылар жолға қо­йыл­майынша, шетелдіктердің қыл­мысы тыйылмайды, – дейді маман.
Қорыта айтқанда, індет жағ­дайына қарамастан 16 мыңнан астам шетелдік еліміздегі жұмыс орындарын толықтырып жүр. Ал жалданып жұмыс істеуге кел­ген еңбек мигранттары азай­ды ма, ол жағы белгісіз. Бірақ тү­бегейлі жоғала қоймағаны ай­қын. Пандемия кесірінен ең­­­­бек­­­ақысы­нан айырылған отан­дас­­тарымыз не істемек?  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ