Алматыда Nur Otan партиясы қалалық филиалының төрағасы Бақытжан Сағынтаев, Еңбек Ері Аягүл Миразова, эстрада әншісі Роза Рымбаева, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов және басқа да партия мүшелері сайлау учаскелерінде дауыс берді.
Бүгін мегаполистің сегіз ауданында 37 сайлау учаскесі өз есігін ашты. Әрбір учаскеде сайлау комиссиясының мүшелері мен кандидаттардан байқаушылар қатысады. Учаскелер интернетке қосылған компьютерлік техникамен жабдықталған және стендтерде алфавиттік тәртіппен кандидаттар туралы мәліметтер ұсынылған.
Дауыс беруге қатысушылар үгіт науқаны кезінде барлық кандидатқа тең жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалғаны туралы ортақ пікірге келді.
Осылайша, үгіт науқаны аясында праймериз кандидаттарымен 4 мыңға жуық іс-шара өткізілді. Кездесулер аясында жалпы 150 мыңнан астам адам қамтылды.
Өткізілген іс-шаралар барысында кандидаттар мен Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалына қалалықтардан әлеуметтік мәселелер, көлік, экономика, азаматтық қоғам, құқық қорғау жүйесі және ТКШ экологиясы мәселелері бойынша 700-ден астам тілек пен ұсыныс түсті. Олардың көпшілігі Алматы қалалық филиалының алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасының жобасына енгізілді.
Сондай-ақ, сайлауалды бағдарлама жобасының негізіне Елбасының 5 институционалдық реформасы, мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауы және «Алматы-2050» даму стратегиясы алынды.
Естеріңізге салсақ, праймериз өткізу ережелеріне сәйкес бүгін сағат 14.00-де кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті аяқталады, ал веб-сайт және мобильді қосымша арқылы онлайн-дауыс беру мерзімі 4 қазан күні сағат 14.00-ге дейін ұзартылды. Бұл шешім партиялықтар мен бастауыш партия кандидаттарының партияның ұйымдастыру комитеттеріне жіберген өтініштерінің негізінде қабылданды.