Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек праймеризде дауыс берді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Праймеризде дауыс бердім. Сайлау учаскесіне арнайы барып өз таңдауымды жасадым. Бір жағынан дауыс беру процесінің ұйымдастырылу деңгейін де байқап көрмек болдым", – деп жазды ол.
⠀
Оның айтуынша, партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan»-ның партияішілік сайлауы еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық ауқымда өтуде. Бұл – Елбасы бастамасымен қолға алынған партияны «қайта жандандыруды» түйіндейтін кезеңнің бірі.
⠀
Бүгінгі таңда адамдар қоғам өміріне белсенді атсалысқысы келеді. Өзгерістерге, жаңа тұлғалар мен тың идеяларға деген сұраныс арта түсуде. Еліміздің жетекші саяси күші ретінде «Nur Otan» партиясы ел сұранысын дер кезінде қанағаттандырып отыр.
⠀
Бастапқыда туындаған күмәнға қарамастан, бүгінде праймериздің өз деңгейінде өтіп жатқанын нық сеніммен айтуға толық негіз бар.
⠀
Жария түрдегі партияішілік іріктеу еліміз үшін соны саяси жаңалық ретінде жұрт қызығушылығын туғызып, 10 мыңнан астам қатысушы 60 мыңнан астам кездесу мен пікірсайыс өткізді. Іс-шаралар барысында 1,4 млн. адам қамтылды.
⠀
Ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясында әрбір өңір, қала мен аудан бойынша жарияланған 216 сайлауалды бағдарламаның жобасына қатысты 20 мың ұсыныс жиналды. Тұрғындарды толғандыратын тақырыптардың алғашқы бестігіне – тұрғын үйдің қолжетімділігі, жолдарды жөндеу, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау мен білім салаларының деңгейін арттыру мәселелері кіреді. Елбасы тапсырғандай, барлық көтерілген мәселелерді партия ерекше бақылауға алады.
⠀
«Праймериз» жүйесінде электронды дауыс беруге қатысу үшін 730 мыңдай партия мүшесі тіркелді. Қазір 600 мыңдай адам дауыс берді, бұлардың ішінде дәстүрлі тәсілмен (қағаз бюллетеньдер арқылы) дауыс берушілер де бар.
⠀
"Саяси қарбалас қыза түсетінін алдын ала болжап, біз мамандардың ұсынысы бойынша дауыс беру кезеңін үш күнге бөлдік. Әйтсе де, бірінші күні техникалық қиындықтар туындады, біз оны жылдам реттедік. Сонымен бірге кандидаттардың өтініштері бойынша дауыс беруді тағы бір күнге ұзарту туралы шешім қабылданды (4 қазан күнгі сағат 14.00-ге дейін). Бұл – әділетті шешім болды", – деп есептейді Байбек.
⠀
Сондай-ақ Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары праймеризді әділ әрі ашық ұйымдастырушыларға да алғыс айтты.
"Елбасының праймеризді ашық, әділ өткізу мен барша қатысушыға бірдей мүмкіндік туғызу туралы тапсырмасының Орталық аппарат үшін маңызы зор. Кім екеніне қарамастан, тәртіп бұзушылықтарға дер кезінде назар аударып, кандидатты дауыс беруден алып тастауға дейін шара қолданып, жұмысты тыңғылықты ұйымдастырып отырған Партиялық бақылау комитеті мен оның жергілікті жерлердегі комиссияларының мүшелеріне алғыс айтамын.⠀Мүмкіндікті пайдалана отырып, праймериздің барша қатысушыларына келесі мәселелерді айта кеткім келеді.⠀Әрине, әркімнің өз күткен болжамы бар. Осы кезеңде көздеген мақсатына жете алмайтындар да, жеңіс тұғырынан көрінетіндер де болады. Дегенмен бұл жерде ұтқандар мен ұтылғандар жоқ. Бәрі де игілікке жетті. Бұл іс-шара ең алдымен еліміз үшін игі іс болды. Жетекші партияда ашық партияішілік сайлау өткізе отырып, сіздермен бірге ұзақ жылдар бойы жемісін беретін жаңа саяси мәдениеттің негізін қаладық. «Nur Otan» партиясының көшбасшылығы осыдан көрінеді.⠀Барша үміткерге сәттілік тілеймін. Ұйымдастыру комитеті дауыс беру нәтижелерін 6 қазанда жариялайды", – деп жазды Бауыржан Байбек.