Алматы облысында жыл мұғаліміне автокөлікті сыйға тартты
Алматы облысында жыл мұғаліміне автокөлікті сыйға тартты
251
оқылды

Мұғалімдер күні қарсаңында Алматы облысында жыл сайынғы облыстық «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы анықталды. Ол Ақсу ауданы Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Асыл Қаймұханов. Салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталов оған автокөліктің кілтін табыстады, –  деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Амандық Баталов білім беру саласын дамыту және мұғалімдерге қолайлы жұмыс жағдайын жасау мақсатында облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы 3 жылда мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста 19 жаңа мектеп салынып, оқушыларға арналған 2 жатақхана пайдалануға берілді. Тағы екі жатақхана салынуда. Жалпы, облыста 2020 жылға білім беруді дамытуға 320,9 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 114 миллиард теңгеге артық.

Қашықтан оқытуды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Оқушыларды компьютермен, ноутбукпен, роутермен, планшетпен қамтамасыз етуге 13 миллиард теңге бөлінді. Мектеп ішіне дәретхана орналастыру мәселесі де шешілуде. Оның 347-сі заман талабына сай жөндеуден өтті. Сонымен қатар, студенттерді тасымалдау үшін 71 жаңа автобус сатып алынды.

Басқосуда Амандық Баталов «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста 1050-ден астам жобаны жүзеге асыруға 105,6 миллиард теңге бір реттік қаражат бөлінгенін, оның көп бөлігі әлеуметтік салаға қатысты екенін баса айтты. Бұл облыстың инфрақұрылымын, тұрғындардың өмір сүру деңгейін айтарлықтай жақсартатын жаңа мектептер, ауруханалар, балабақшалар, мәдени нысандар, спорт, тұрғын үй нысандары екенін ерекше атап өткен жөн.

Баяндамасын қорытындылаған облыс әкімі Жетісу мұғалімдерінің жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ оларға кез-келген жағдайда күнделікті жауапты жұмысы үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.

– Құрметті, ұстаздар! Шәкірттеріңіздің тағдыры және жас ұрпақтың болашағы сіздердің кәсіби және адами қасиеттеріңізге байланысты. Ұстаз –  білім беру жүйесінің басты байлығы, оның алтын интеллектуалдық қоры. Сіздердің жұмыстарыңызға, балаларға деген сүйіспеншіліктеріңізге, таңдаған ұлы қызметке деген адалдықтарыңызға, жас ұрпақты тәрбиелеуге сіңірген қажырлы еңбектеріңізге шын жүректен алғысымды білдіремін. Індетпен күрес жүріп жатқан кезде алдыңғы қатарда және қиын кезеңде өздеріңіздің кәсіби міндеттеріңізді, барлық білім мен біліктіліліктеріңізді мол тәжірибелеріңізбен байланыстыра отырып, жас ұрпаққа білім беру ісін толық жауапкершілікпен атқарып шықтыңыздар. Жас мамандарға  мамандыққа шынайы қызмет етудің айқын үлгісі болған білім беру саласының ардагерлеріне ерекше алғыс айтамыз. Атақты ойшыл Цицерон айтқандай: «Жас ұрпақты оқытудан асқан асыл да, бағалы кәсіп жоқ». Білім берген оқушыларыңыздың еңбегі мен жетістігі сіздің күнделікті жұмысыңыз үшін лайықты баға жетпес сый деп білеміз. Баршаңызға мықты денсаулық, бақыт, қуаныш тілеймін! Мерекелеріңізбен ұлағатты ұстаздар, – деп қорытындылаған А. Баталов мерекелік марапаттау рәсімін бастады.

 «Жыл мұғалімі – 2020» байқауының республикалық кезеңінің жеңімпаздары атанған облыс мұғалімдері марапатталды. Олар Көксу ауданының М. Құрманов атындағы №2 орта мектебінің  бастауыш сынып мұғалімі Людмила Герман, №28 ІТ мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Байғожина, дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын М. Арын атындағы №24 экономика және бизнес арнаулы лицейінің математика пәні мұғалімі Мұрат Буланов және Алматы облысының қызмет көрсету саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің арнайы пән оқытушысы Айнұр Қабдуллина. Әр жеңімпазға 2 миллион 778 мың теңгенің сертификаты табысталды.

«Жыл мұғалімі» облыстық байқауының жеңімпаздарына 850 мың теңгенің сертификаты табысталды. Олардың қатарында Текелі кәсіптік колледжінің оқытушысы Анна Падалкина, Талдықорған қаласындағы №20 дарынды балаларға арналған лицейдің мұғалімі Әлия Әмірова және Алматы экономикалық колледжінің оқытушысы Гүлсая Жеткізгенқызы бар.

«Облыстың үздік сынып жетекшісі» Алакөл ауданының Үшарал қаласындағы №1 орта мектебінің мұғалімі Айгүл Ахметова атанды. «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясы бойынша Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің командасы жеңіске жетсе, Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылының орта мектеп-гимназиясы «Ұздік ауыл мектебі» деп танылды.

Бас жүлдеге берілетін автокөлікті Ақсу ауданының Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектептің математика пәнінінің мұғалімі Асыл Қаймұханов жеңіп алды. «Жыл мұғалімі – 2020» облыстық байқауының жеңімпазы атанған Асыл Қаймұханов облыс басшылығына ұстаз мамандығына көңіл бөліп, жоғары баға бергені үшін алғыс білдіре отырып, әріптестерін келе жатқан Мұғалімдер күнімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Салтанатты шарада Жетісудағы бірқатар мұғалім Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Ы. Алтынсарин» медальдарымен және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Облыстың педагогикалық қоғамдастығы атынан білім беру саласының ардагері Күлай Түсіпова құттықтау сөз сөйледі. Ол мемлекет мұғалімдерге барлық қажетті жағдайды жасап отырғанын, сондықтан қазіргі кең мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, білім мен жас ұрпақтың тәрбиесінің сапасын көтеруде толық жауапкершілікпен жұмыс істеу өте маңызды екенін атап өтті.

Мерекелік кешке жиналған қонақтарға арналған концерттік бағдарлама мерекелік кешке арналған соңғы сыйлық болды.

Жалпы, шара барысында барлық қажетті санитарлық эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталды.