«Ұстазға құрмет көрсету – азаматтық парызымыз!» – Мәулен Әшімбаев
«Ұстазға құрмет көрсету – азаматтық парызымыз!» – Мәулен Әшімбаев
335
оқылды
Қазақстан Республикасы Парламенті Сентаның төрағасы Мәулен Әшімбаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Сенат төрағасы өзінің фейсбуктегі жеке парақшасында жазды. – «Ұстаздық ету – ұлы қызмет» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде, әлі оң-солын толық танып үлгермеген баланың өмірден өз орнын тауып, адам болып қалыптасуында мұғалімнің еңбегі зор. Сондықтан ұстазға құрмет көрсету – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Бүгінгідей күрделі кезеңде мұғалімдерімізге де аз салмақ түсіп отырған жоқ. Соған қарамастан жастарымыздың сапалы білім алуына бар күш-жігерін жұмсап жүрген ардақты жандарға алғысымыз шексіз. Ұстаздарымыз осындай сын сағатта еш мойымай, ұлт болашағын бәрінен биік қойып, өз кәсібіне деген адалдықтың озық үлгісін көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан мұғалімдер үшін барлық жағдай жасалуда. Оған «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы айқын дәлел. Президентіміздің биылғы Жолдауында да білім беру ісі ел дамуының ең негізгі басымдықтарының бірі екені айтылды. Соның аясында мұғалімдердің жалақысын көтеру, болашақ педагогтердің стипендиясын көбейту сияқты маңызды міндеттер жүзеге асырылып жатыр. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғаса беретіні анық, – деп жазды Мәулен Әшімбаев. Сөз соңында Сенат төрағасы барша ұстаздарыды кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, жұмыстарына толайым табыс, шаңырақтарына шаттық тілеп, жетістігімен қуантар шәкірттері көп болуын тіледі.