Көкшетауда шешесі асүйде тамақ жасап жүрген кезде екі жасар бала үйдің бесінші қабатынан құлап кеткен. Бас сүйегі жарақттанған және миы шайқалған бала ауыр халде ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Ақмола облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
4 қазанда Ақмола облыстық жедел жәрдем қызметінің фельдшері Көкшетау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне телефон шалып, облыстық көпбейінді балалар ауруханасына «жабық ми сүйегі жарақаты және миы шайқалған және ашық іш жарақаты» деген диагнозбен 1 жас 11 айлық баланың жеткізілгенін хабарлаған.
«Балақай көп қабатты үйдің бесінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Сағат күндізгі 14:15 шамасында баланың терезе алдына шығып, москит сеткасына сүйене бергенде құлап кеткені анықталды. Баланың анасы бұл уақытта асүйде түскі ас әзірлеп жүрген. Баласының терезеден құлап кеткенін көршісі жеткізіпті», - деді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, баланың жағдайы - қалыпты ауыр. Балаға ота жасалған. Әзірге ешқандай болжам бере алмайтынын жеткізді.
Қазір аталған факт бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы (Адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерде тиісті түрде орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары бастаған.