Биыл елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған партияішілік іріктеу – праймеризге қатысуға шешім қабылдадым. Ондағы басты мақсатым – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың әл-ауқатын көтеретін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға белсенді араласу, еліміздегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысу болды. Сондықтан осы додада өз бағымды сынап көруді жөн санадым.
Күні кеше ғана праймеризге дауыс беру аяқталды. 1,5 ай тынымсыз еңбектеніп, іс-шараның жақсы өтуіне атсалысып, соның арқасында жаңа таныстар таптым, үлкен тәжірибе жинақтадым. Ойлаған мақсат-жоспарымның бәрі аталған саяси доданың барысында іске асты. Мен үшін, шын мәнінде нағыз тартысқа толы дода болды. Осы орайда, маған сеніп, дауыс берген барша жанға алғыс айтқым келеді. Шыны керек, осыншама көп дауыс жинаймын деп ойламадым. Онлайн дауыс берудің нәтижесі бойынша 426 дауыс жинап, 100 адамның ішінде рейтингте 26-орынға тұрақтадым.
Праймериз ережесінде партиялық тізімде кемінде 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар ұсынылуы керек делінген. Бұл жастарға артылған үлкен сенім, әрі қолдау деп білемін. Креативті, жаңашыл көзқарастағы жастардың билікке араласуы елдің өркендеуіне үлкен серпін берері анық. Біздің уақыт келді. Мүмкіндіктен қалыс қалмай, алға ұмтылайық.