Ресей бақылауының таңбасы: Қазақстан неге келісті?
Ресей бақылауының таңбасы: Қазақстан неге келісті?
224
оқылды
Еуразиялық одақ елдері ұр­лығы үстінде қолға түскен адамға ұқсайды. Мәскеу болса, өзін дәп бір жандармдай ұстайды: нән сағатты Кремль одақтастарына сенбейді, қырағы көзі қалт ете қалса, бәрі жаппай контрабандаға не жалған өнімге көшеді, сөйтіп нарығымды бүлдіреді деп санайды. «Сондықтан сататын әрбір өніміңнің әрбір данасын таңбала!» деп дікеңдей сөйлеп, талап қойды. Мұның өте қымбат шара екенін, дағдарысты шақта экономикаға ауыртпалық тү­сіретінін, онсыз да шектеуден есеңгіреген ұлттық бизнесті тіптен қаусатып кететінін айтқан Қазақстанның дәйектемелері өтпеді. Амалсыз, ел таңбалануға мәжбүр.  

Халықаралық лоббидің үлгісі

Биыл Ресейде маркаланбаған медициналық препараттарды сату үшін жазаны қатайтатын жаңа заң күшіне енді. Оған сәйкес, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек жасайтын, сақтайтын, сата­тын немесе Ресей арқылы алып өтетін заңды тұлғалардың барлығы «РФ Дәрі-дәрмек қозғалысын мо­ниторингтеу жүйесіне» әрбір өнім туралы ақпаратты енгізуге міндетті болады. Уақытылы енгізбесе не­месе деректерін дұрыс енгізбесе, онда 100 мың рубльге дейін (жарты миллион теңгеден астам) айыппұл салынады. Жалпы, одақтас елдердің өзі таңба басылмаған өнімімен Ресей нарығына кіре алмайды. Ашығын айтқанда, Еуразиялық одақ кезінде Ресей нарығын еш кедергісіз игеру үшін құрылған-тын. Ал мынадай шектеу одақ идеясының маңызын жоққа шығаруы мүмкін.
Зорлық кімге ұнасын. 2014 жыл­ғы 18 қыркүйекте Ұлттық па­лата (атауына «Атамекен» сөзі тек 2016 жылғы маусымда қо­сыл­ғаны мәлім) ұлттық бизнес атынан тауарларды таңбалауға үзілді-кесілді қарсы екенін мә­лім­деді: «Ұлттық кәсіпкерлер па­латасы Қазақстанның бизнес қо­ғамдастығы атынан Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында тауарларды таңбалау институтын (институт мар­кировки товаров) енгізуге қар­сы шығады» делінген мәлімдемеде. Алайда өзгеге шекеден қарайтын алпауытты тоқтату мүмкін емес еді.
Ақыры ЕАЭО-ның ұлтүс­тілік органы – Еуразиялық эко­номикалық комиссия одақты құр­ған үш елде, яғни Қазақстан, Ресей және Беларусьте аталған институтты құру үшін заңнамалық тұғыр түзуге кірісті. Бастама аста­рын­да одақ нарығынан шетелдік тауарларды ысырып шығарып, ресейлік өнімдерді ілгерілету мұраты жатқанын солтүстік көр­шінің экономистері мен саясат­керлері жасырмайды. Қынжылтатыны сол, Мәскеу одақтастарының наразылығына көбіне «ит үреді, керуен көшеді» деп қана қарайтыны құпия емес. Бұл ретте, ол ЕАЭО тетіктерін шоқпар есебінде пайдаланып жүр. Мысалы, 2016 жылғы 12 тамызда Еуразиялық одақ аумағында был­ғары-тері бұйымдарын – со­лардан жасалған ішік, тон, бас киімдерді таңбалау жүйесі ен­гізілді. Ресми Астана барынша қар­сыласып бақты. Дегенмен 2017 жылдың күзінде Қазақстанға да соны іске қосуға тура келді. Осы қадамды жасай отырып, Үкімет өзін-өзі алдаусыратты: «Елімізде былғары-тері бұйымдары көп жасалмайтыны, қымбат тон-ішіктер сырттан тасылатыны», олай болса «нарықтағы осын­дай әрбір өнімге бақылау-сәй­кестендіру белгілері басылса, кон­трабанда кеміп, көлеңкелі экономика азаятыны» алға тар­тыл­ды. Шынында, бұл Қытай, Түр­кия, Грекия елдерінен адал жолмен келетін өнімдердің өрісін тарылтып, Ресей фабрикалары тігетін «шубаларға» жол ашудың қамы болатын. Оның үстіне, Мәс­кеу мұнымен тоқтамады. Арыны артып, араны ашылып бара жатыр.  

Темекіге код қойды

Өткен аптада, 2020 жылғы 1 қазанда Қазақстанда темекі өнімдерін міндетті маркалаудың бірінші кезеңі басталды. Бұл енді отандық бизнес үшін салмақты сынақ: шылым түрлерін Қазақстан да шығарып, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және ТМД-ның өзге елдерін қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, 2019 жылы Қазақстан 17,4 миллиард дана сигарет өндірген. Әрине, Ресейдің көрсеткішімен салыстыруға да келмейді: ол был­тыр 218,2 миллиардын жасап, сат­ты. Солтүстік алпауыт бұл на­рық­тан да өзге бәсекелестерін түре қуып шығуға мүдделі. Себебі ре­сейлік темекі өндірісі өткен жылы 2018 жылға қарағанда 6%, ал 2014 жылғыдан бірден 38%-ға құл­дырады. Росстат дерегінше, 2011-2013 жылдары Ресейде жыл сайын 390-400 миллиард сигарет жасалыпты. Темекі алпауыттары сол заманды аңсайды. Темекі өнімдерін жаппай таңбалаудың артында нақты лоббистер тұр. Мысалы, Ресей нарығының 33%-ын бір өзі меңгеріп отырған JTI.
«Темекі индустриясы – салық төлеу жөнінен мұнай мен газдан кейінгі ең ірі сала. Былтыр Ресей бюджеті алкоголь өнімдеріне қара­ғанда, сигарет акциздерінен 1,5 есе көп қаржы алды. Осылайша, 583,2 миллиард рубльден артық түсім түсірді. Бұл алдыңғы жыл­ғыдан 1,3%-ға кем», – дейді JTI компаниясының директоры Васи­лий Груздев.
Басқаша айтқанда, темекі өн­дірісі – Сириядағы соғыс, ше­тел­дегі әскери науқандар және басқа да Путин мырзаның жаһан­дық амбициялы жобалары мен ермек­терін қаржыландырып отырған ірі үш саланың бірі. Демек, темекі барондарының сөзі Кремльге өтімді. Ал Кремль ол сөзді талапқа айналдырып, одақтастарына орын­дата алады. «Атамекен» палатасының тү­сін­діруінше, бірінші кезең аясын­да Қазақстанда барлық темекі өндіруші мен импорттаушы әр өнім­ге таңба кодын басуға мін­дет­теледі. Ары қарай бөлшек сау­да қатысушылары – супер-гипер­маркеттер, дүкендер, дүңгіршектер және басқасы онлайн есеп беретін бақылау-кассалық аппарат (он­лайн-ККМ) арқылы әрбір темекі қорабының қозғалысын – сатуға қабылдап алғаннан тұтынушыға өткізгенге дейінгі жолын көрсетіп отыруы тиіс. «Қойшы-ей, не де­ген машақат ол!» деп былайғы адам басын шайқап, мұндай сер­гелдеңнің заңдастырылғанына сенбес. Бірақ отандық бизнестің таңбалаудан ат-тонын ала қашуы­ның бір себебі де сол: тым күрделі. Resei baklay tanbasi Егер бұл машақат ірі проб­леманы шешсе, оған көнуге болар еді. Дегенмен Nielsen зерттеуіне жүгінсек, Қазақстанда контрафакт темекі өнімдерінің көлемі 2017 жылы 1,8%-ды, 2018 жылы 2,8%-ды және 2019 жылы 2,3%-ды құ­рапты. Ауыз толтырып айтуға ұят.
– Таңбаланған темекі өнім­дерін өткізу және жүйеден шығару үшін 2D сканер орнату қажет бо­лады. Ол сканер Data Matrix код­ты есептей алатын болуы тиіс. Немесе техникалық қызмет көр­сету орталықтары арқылы бақылау-кассалық машиналарға арналған тиісті жаңаруларды тек­серу керек. Екінші кезеңде таң­баланған тауар қозғалысын сүй­емелдеу аясында барлық қа­тысушылар міндетті түрде құжаттар ұсынуға тиіс болады. Бұл 2021 жыл­ғы 1 қаңтардан басталады. Та­уарларды таңбалаудың және қа­да­ғалаудың ақпараттық жүйе­сінде (ИС МПТ) жұмыс істеу үшін  elk.prod.markirovka.ismet.kz сілте­месімен өтіп, темекі өнімдері айна­лымының қатысушысы ретінде тіркелу керек. Темекіні таңбалау мәселелері бойынша қосымша сұрақ туындаса, 8 (800) 080-65-65 телефоны (қоңырау шалу тегін), t.me/markirovkatovarov немесе www.ismet.kz/ru арқылы бірыңғай операторға жүгінуге болады, – деп хабарлады Ұлттық палата.
 

Мұны «зорлық» емес, «ізгілік» дейікші...

Ресей енді иіссуларды, фо­то­­аппараттарды, шина-доң­ғалақтарды міндетті таңбалауға көшуде. Парфюмерия бұйым­дарына және фотоаппараттарға қатысты жаңа талап 1 қазанда күшіне енді, ал шина мен доңғалақ тысының талаптары 1 қарашада өмірге жолдама алмақ. Бұл та­уарларды маркалау ережелерін РФ үкіметі №1953, №1957 және №1958 қаулыларымен бекітті. Әйтсе де, оны орындау Еуразиялық одақ елдерінің өндірушілері мен экспорттаушыларына да міндет.
«Таңбалау кодына тапсырыс беру үшін кәсіпкерлер Қазақстанда тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың бірыңғай операторы саналатын «Қазақтелекомға» 8-800-080-6565 нөмірі бойынша жүгінуі керек. Бұдан бөлек, код­тарды Ресей компанияларының сенімді өкілдерінен алудың ба­ла­малы жолы бар», – дейді «Ата­мекен» палатасы.
Бизнесмендер таңбалау тек адал бизнеске салмақ түсіретініне қапаланады. Өйткені кодтар, таңбалар, оларды оқитын құралдар сатып алу талап етіледі. Бұлар Ресейде жасалатындықтан, ақша да көршіге кетеді. Ал кеденшілермен ауыз жаласқан контрабандистер өнімдерін еш таңбаламай-ақ өткізе алады. Таңбасы жоқ өнімдерді іздеп, базарлар мен үй ішіндегі дүкендерге рейд жасап жатқан полицейлер жоқ. Ендеше таңбалау шетелден таза жолмен тасылатын импортқа кедергі. Сонымен қатар бұл өнімнің қымбаттауына әкеліп соқтырады. Мысалы, автомобиль шинасына RFID-белгі түсіру талап етілмек, онысы 120 рубль тұрады. Яғни, әр шина соншаға қымбаттауы ықтимал. Күн сайын күш алып бара жат­қан ресейлік науқанға қатысты еліміздің Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеме жасады.
– Таңбалау – бірінші ке­зекте тауарлардың көлеңкелі ай­налымын төмендетуге бағыт­талған құралдардың бірі. Ол тұ­­­тынушыларды жалған және кон­­трафакт өнімнен қорғайды, тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік береді. Сондай-ақ мем­лекет өнімді сату тізбегін қа­дағалауға қол жеткізеді, бизнеске сол тізбектегі делдалдардың са­нын азайтуға кеңес бере ала­ды. Сол арқылы тауар құнын рет­теу мүмкіндігі пайда болады. Халық­аралық тәжірибе көрсеткендей, осы тетікті енгізу арқылы мемлекет тауарлардың өндірістен немесе импорттап әкелуден бастап түп­кі тұтынушыға сатқанға және ай­­налымнан шыққанға дейінгі өмірлік циклін қадағалайды, сон­дай-ақ бюджетке салық түсім­дерін ұлғайта алады, – дейді ведом­ствоның Техникалық реттеу және метрология комитеті.
Осы айтылғанның қайсысы өмірде іске асатыны белгісіз. Мы­салы, ішік-тонның таңбалана бастағанына үш жылдан асты. Ол тұтынушыларды не контрафакт өнімнен қорғамады, не тауар са­пасын кепілдендіріп отырған жоқ. Кәсіпкерлер Бақыт Сұлтан­ов­тың министрлігінен делдалдар тізбегін қысқарту жөнінде «құнды кеңес» алмапты. Бір жақсы тұсы ғана анық­талды: Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің мәлметінше, тері бұйымдарын сатудан бюджетке түсетін салықтар мен кедендік төлемдер көлемі 55%-ға өсті: 2018 жылдың 7 айында 249,4 млн, ал 2019 жылдың 7 айында 385,3 млн теңге алым-салық жи­налыпты. Жарты миллиардқа да жетпейді. Сауда және интеграция ми­нистр­лігінің дерегінше, бүгінде тағы 3 тауар тобына міндетті таңбалауды енгізу жоспарлануда. Бұлар – алкоголь өнімдері, аяқ­киім және дәрі-дәрмек. Бұдан бөлек, сүт өнімдерін және жеңіл өнеркәсіптің кейбір тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жоба пысықталуда.     P.S.  

«Ен салдым белгі қылып қара­керге, Айқайлап талай шаптым тал­малы өрге. Мырзалар ұят қайда, ын­сап қайда? Түбінде бір түсерсің қара терге», – деп өткен ғасыр басында Қақпан ақын жырлапты. Еліміз ен салынған қаракердей әл­де­қайда шауып бара жатыр. Бұл тү­бінде ұлттық бизнесті тұйыққа тіре­месе болғаны.

 

Айхан ШӘРІП