«Ешқайда кетпеу туралы қолхатты талап еттім. Прокурор үйқамақты жөн көрді», – деді оның адвокаты Әнуар Байдаров. Алматы қалалық Полиция департаменті әлеуметтік желілерде ұлттық сипаттағы жазбаларымен танымал болған блогер Марғұлан Боранбайдың Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша күдікті саналып отырғанын растаған. Бұған дейін Полиция департаменті «Ол ҚК 174-бабы 1 және 2-тармағында көрсетілген «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты тудыру» және Қылмыстық кодекстің 179-бабы 2-тармағында көрсетілген «Билікті басып алуға үгіттеу және шақыру» бойынша күдікті деп танылды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеген.Мәлімдемеде күдіктінің қылмысын анықтау ісі бойынша қажетті барлық сараптамалар жүргізілгені де айтылған. Сондай-ақ жақын арада қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданып, сотқа дейінгі тергеу жұмысының қалай өтетіні белгілі болатыны да сөз болды.
Биыл 26 ақпанда қоғам белсендісі Татьяна Руштан ІІМ-ге шағым түсіп, Қазақстандағы «ұлтшылдарға» украиндықтар дем беріп, делебесін қоздырып жүр деп негізсіз тұспал жасайды. Жағдайға өзінше сараптама жасаған ол «Facebook-тың қазақстандық сегментінде бүгінде адамдар ызалы, долы күйге дейін жетті. Алайда құқық қорғау органдары жұрттың ұлттық ар-намысына тию фактісінің бірде-бірін анықтамады, жазаламады. Біз сізден барлық айыпты адамдарды тауып, заң жүзінде жазаға тартуды сұраймыз! «Ұлттық патриоттардың» бірі – Марғұлан Боранбай. Ол «Қазақстан тек қазақтар үшін ғана» деп санайды. Бұл ретте оның Youtube-тегі бейнежазбаларына және каналына назар аударуды өтінемін», – дейді өз шағымында. М.Боранбай сол кезде полицейлердің уысына іліккен көрінеді. Одан ешқайда кетпеу жөнінде қолхат алынған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогы арқылы жауап беріп, қылмыстық істің барын растады. «Ішкі істер министрлігі тұрақты түрде ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізіп, жарияланған материалдарда қылмыстық құқықбұзушылық құрамының және нышанының бар-жоқтығын қарайды. Ондай фактілер анықталса, сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Мысалы, өтініште баяндалып отырған факт бойынша Алматы қаласының Полиция департаменті М.Боранбайға қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыруда», – деді ведомство басшысы.ІІМ Т.Руштың өтініші тіркеліп, аталған қылмыстық іске қосу үшін Алматының Полиция департаментіне жолданғанын хабарлады. Министрлік тергеу барысы туралы ақпаратты ұсынудан сол кезде бас тартты. Ал енді полиция Марғұлан Боранбайды қамауға алғанын жариялады.
Өндіріс аясында қажетті сараптамалар жүргізілгені де хабарланды. «Жақын уақытта қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім қабылданады және сотқа дейінгі тергеу кезеңіне бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі шешіледі», – деді Полиция департаменті.Ал адвокат Әнуар Байдар әлеуметтік желідегі парақшасында Марғұлан Боранбайға қатысты қозғалған қылмыстық іс тапсырыспен жасалуы мүмкін екенін айтты.
«Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша қозғалған іс менің қорғауымдағы азаматты қамау үшін қолдан жасалып отыр. Бұл заңды дөрекі бұзу болып саналады. Мен жалған куәлік берген сарапшыны, тергеушіні қылмыстық жауапкершілікке тартуға ұмтыламын. 2019 жылы көктемде қозғалған іс тоқтап қалып, бүгін қайта басталып отыр», – деді ол. Адвокаттың айтуынша, егер күдікті осы бап бойынша кінәлі деп танылса, жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.Марғұлан Боранбай 1993 жылы адам өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылып, арада 10 жыл өткенде туберкулез колониясынан шартты түрде уақытынан бұрын босап шыққан.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ