Бірлесе күш жұмсаудың арқасында қауіпті жұқпаға тосқауыл қойып, індетті жеңетінімізге кәміл сенемін. Өйткені мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, қолдау көрсетілуде. Биыл облыстағы денсаулық сақтау нысандары құрылысына 12 млрд теңге бөлінді. Болуы мүмкін коронавирустың екінші толқынына дайындыққа 7,3 млрд теңге қарастырылды. Өңірдегі медицина қызметкерлеріне қажетті қолдаулар тұрақты түрде көрсетіледі. Келесі жылы облыс орталығында денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арналған 60 пәтерлі үй салынады. Сонымен бірге коттеджді қалашықтан медицина қызметкерлеріне арнап 47 үй бөлу мәселесін ойластырып жатырмыз, – деген Амандық Ғаббасұлы ел-жұрттың амандығы жолында аянбай тер төгіп жүрген, әсіресе елді жайлаған қауіпті індет кезінде ұйқы мен күлкіні ұмытып, уақытпен санаспай еңбек еткен ақ желеңді абзал жандарға алғысын жеткізді.
Жаңа инфекциялық аурухананың жұмысы мен жабдықталуы жайында мердігер ұйымның өкілі Арман Қабылқас жан-жақты әңгімелеп берді. Оның айтуына қарағанда, қазіргі заман талабына сәйкес жаңа ауруханадағы қызметтік үдерістің басым бөлігі автоматтандырылған және цифрландырылған. Басты назар осында жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің ауруды өздеріне жұқтырып алмауына және жұқпаны одан ары таратпауына аударылып, басымдық берілген. Осы мақсатта аурухана «таза» және «лас» аймақтарға бөлінген. Таңертең жұмысқа келген медицина қызметкерлері «таза» аймаққа кіреді. Киінетін жерде киімдерін ауыстырып, жеке қорғаныс құралдарын алғаннан кейін ғана «лас» аймаққа енеді. Жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін дәрігер немесе мейірбике барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, жеке қорғаныс құралдарын жойып, жуынып, киініп алғаннан кейін барып ауруханадан басқа есіктер арқылы шығып кетеді. Мұндағы тағы бір ерекшелік – барлық палатада орнатылған желдеткіштер жүйесі. Желдеткіштер арқасында палатаға жиналып қалған ауа есіктер ашылған кезде дәлізге тарамай, қысымның күшімен ультракүлгін сәулелер арқылы тазалаудан өткізіліп, дренаждық жүйеге кетеді. Дәл осындай ауаны тазалау жүйесі барлық палатаға және жансақтау бөлімі мен зертханаларға да орнатылған. Сонымен бірге аурухананың медицина қызметкерлері бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылған планшеттермен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде әрбір дәрігер, әрбір мейірбикенің әр емделушінің жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, ақпараттарды жаңалап отыруына, консилиум аясында әріптестерімен кеңесуіне мүмкіндік береді. Жансақтау бөліміндегі әр төсектің үстіне де бірыңғай жүйеге жалғанған бейнекамера қойылған. Соның арқасында кезекші оператор монитор арқылы әр науқастың жағдайын көріп отырады. Аурухана диагностикалық және зертханалық құралдарды қоса алғанда, ең соңғы үлгідегі заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олардың қатарында компьютерлік томограф, сандық рентген, жылжымалы рентген, 20 өкпені жасанды желдету, викрокаустикалық, гемодиализдік аппараттар, биохимиялық, клиникалық және жедел-зертханалық жабдықтар бар. Басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Жаңа аурухана аса қауіпті жұқпалы ауруларды емдеуге арналған және қажет болған жағдайда госпиталь ретінде де пайдалану мүмкіндігі ойластырылған. Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Оның ішіне құрылыспен қоса меджабдықтарды, жиһаздарды алу мен орнату, маңын абаттандыру да енеді. Аурухананың аумағы – 6,8 мың шаршы метр.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы