Бұл саяси дода біріншіден, әртүрлі жастағы, түрлі саладағы, түрлі әлеуметтік жағдайдағы көптеген партиялас азаматтар мен азаматшаларға өздерін ел алдына ұсынып, толыққанды, жан-жақты көрсетуге мүмкіндік сыйлады. Екіншіден, праймеризге қатысқан үміткерлерді толық зерттеп, зерделеп, халыққа өз таңдауын жасауына жеткілікті уақыт берілді. Үшіншіден, бұл партия ішіндегі іріктеуден өткен нағыз мықтыларды, халық таңдауынан өткен үміткерлерді (оның ішінде жастар да бар) келесі жылы өтетін сайлау науқанына дайындау. Праймериз мен үшін жаңа тәжірибе алаңына айналды. Болашағыма, қазіргі өміріме, өзіме жаңаша көзқарас қалыптастыруға түрткі болды. Өзімді халықтың алдында тұлға ретінде көрсететін, сынайтын мүмкіндік алдым және өз мүмкіндігімді жібермеуге тырысып бақтым.
Маған праймериз өте жақсы әсер қалдырды. Өздеріңіз парақшамнан көріп отырғандай, осы аралықта халықпен қаншама кездесу өтті. Мен әр кездесуден кейінгі халықтан түскен сұрақ-өтінішті бірден партияның қалалық филиалына жазбаша түрде жеткізіп отырдым. Барлығы 84 сұрақ-өтініш түсті, олардың партия тарапынан жауапсыз қалмайтынына сенімдімін. Тағы әсер қалдырған дүние ол дебатқа қатысу болды. Шынымды айтайын, қатты қобалжыдым. Пікірталас жақсы, ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Уақытымызды дұрыс пайдалана білдік, қысқаша түрде бағдарламамызбен таныстырдық, сұрақ-жауап бөлімі де сәтті өтті. Бір үлкен сыннан, емтиханнан өткендей әсер алдым.
Теңізге тамған тамшыдай болса да, әркім қоғамға өз үлесін қосса екен, пайдасын тигізсе екен деймін. Праймериз аяқталысымен өмір тоқтап қалмайды. Осы аралықта жинақталған тәжірибемен, жақсы ойлармен, жаңа мүмкіндіктермен өзімізге-өзіміз серпіліс беріп, әрі қарай тек жақсылыққа, жаңашылдыққа ұмтылайық, достар. Елдің болашағы мен қарапайым халықтың тағдыры – осы сыннан сүрінбей өткен үміткерлердің жауапкершілігінде. Сол себепті билік басына нағыз патриоттар келсе екен деп тілеймін. Сонда ғана біз мәңгілік ел боламыз. Праймеризге бірге қатысқан барлық партияластарыма рақмет айтамын. Праймеризді ұйымдастырған, бәріміздің басымызды қосып, барлық іс-шаралардың басы-қасында жүрген «Nur Otan» партияcының барлық қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін.
Данияр ҚОЖАХМЕТОВ,
Арқалық қалалық жастар
ресурстық орталығының
психолог маманы