Оқушылар өз мектебіне оралды
Оқушылар өз мектебіне оралды
247
оқылды
Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп 1965 жылы пайдалануға бе­ріл­ген. Соңғы жылдары ғимараттың тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрғаны алаңдатқан болатын.  Ат­қарушы билік алдында  160 орындық шағын мектепті бұзып, орнына заманауи білім ошағын салу міндеті туындады. Былтыр облыстық бюд­жеттен жаңа мектеп салуға 340 мил­лион теңгеден астам қаржы бө­лініп,  300 орындық білім ұясы өз мерзімінде тапсырылып отыр. Ескі мектеп құрылысы бұзы­лып, жаңа мектеп құрылысы аяқ­талғанша, бұл мектептің 67 мұғалімі мен 682 оқушысы уақытша басқа мектептерде оқуға мәжбүр болды. Олар кеше  заманауи талапқа сай салынған өздерінің жаңа мек­тептеріне қайта оралды.
Облыс әкімі Махамбет Дос­мұхам­бетов: «Бүгін біз қаламызда тағы бір білім ордасын ел игілігіне беру салтанатына қатысып отырмыз. Заман талабына сай жаңғыруға қадам басқан еліміз білімді ұрпақ тәрбиелеуге ден қойып отыр. Өйткені дамыған кез келген мем­лекеттің басты байлығы сапалы білім алған саналы азаматтар екенін көріп отырмыз. Сондықтан ұстаздар мен оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін бар жағдайды жасауымыз керек. Қалада  апатты жағдайда тұрған екі мектептің бірі осы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп болатын. Енді жоғарыдағыдай проблемасы бар бір мектеп қана қалды. Сонымен бірге бұл мектептің оқушылары оқып келген Исатай Тайманов атындағы орта мектептің үш ауысымда оқыту мәселесі де өз шешімін тапты», – деді.
Аймақта үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді азайту жұмыстары жалғасын табады.  Апатты жағдайдағы  №1 Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп орнына алдағы уақытта 160 орындық жаңа ғимарат салу жоспарлануда. Ал қала мектептеріндегі орын тап­шылығын шешу мақсатында 4 мектептің жанынан қосымша 120 орындық жапсаржай құрылыстары салынды. Бұдан бөлек, биыл «Самал» ықшамауданында 600 орындық, «Береке» ықшамауданында 1 200 орындық, Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектеп құрылысы жүргізілуде. Аймақта білім дең­гейі алдағы жылдары жоғары кө­терілетініне сенім мол.  Өйткені жыл сайын облыс бюджетінің басым бө­лігі білім саласына бағытталуда. Аймақ басшысы М.Досмұхамбетов жаңа мектеп табалдырығын атта­ған ұстаздар мен оқушыларды құттық­тап, білім беру ұйымдарының ма­териалдық-техникалық жағдайын жақсартуды жалғастырып, оқу­шыларды жаңа оқулықтармен, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары да жоспарлы түрде жүр­гізілетінін айтты. Салтанатты шарада жарты ғасырдан астам тарихы бар мек­тептің алғашқы түлегі, ардагер ұстаз Маруся Бітімәлиева сөз алып, өзі оқыған мектептің ұстаздарына жемісті еңбек тіледі. Ал Жұмыскер шағынауданының тұрғыны Серік Мұсағалиев жаңа оқу ғимаратын ауыл тұрғындары асыға күткенін,  қиын жағдайға қарамастан, мер­зімінде бітіргені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді. Атырау облысына іссапармен келген «Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова мен ардагер ұстаз Бөкен Ғұмар білім ордасының  лентасын салтанатты жағдайда қи­ған соң шараға қатысушылар жаңа мектепті аралап көрді. Айта кетейік,  Ғ.Мұратбаев атын­дағы 300 орындық орта мек­тептің  құрылыс жұмыстарын «Ба­тысСтройСервис-Атырау» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.  Нысанның құрылысы өткен жыл­дың шілде айында басталды. 2 қабатты мектеп ғимаратында физика, химия зертханалары, акт залдар мен алаңдар, асхана, жаңа үлгідегі технология, информатика, Stem-кабинеттерімен жабдықталған. Сайып келгенде, қазіргі білім алудың қарышты дамыған жүйесіне сай оқу үшін жаңа мектептерде барлық жағдай жасалған. Енді оқушылар алдындағы міндет – жақсы білім алып,  мамандық таңдауда адаспай, елге лайықты қызмет ету.  

 width=

   

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы