«Астана су арнасы» ауызсудың бағасын өсіреді. «Шығынымыз шаш етектен», - дейді компаниядағылар. Енді қаржылық қиындығын тұтынушылардың есебінен шешпекші. Егер ұсынысы қабылданса, Нұр-Сұлтандағы ауыз су құны 40 пайызға қымбаттайды екен.
Биыл белгіленген тарифтің бес жылдық межесі аяқталып, 2025 жылға дейінгі қызмет құны бекітіледі. Коммуналдық кәсіпорынның ұсынысымен жаңа жылдан бастап астаналық әр тұтынушы ауыз судың бір текше метріне 44 теңгенің орнына 62 теңге төлеуі тиіс. Кәріз жүйесінің құны да айтарлықтай қымбаттайды.
Егер қазір елордалықтар төгілген жуынды-шайындысы мен дәретхана қалдығының 1 текше метріне 38 теңге төлесе, 2021 жылдан бастап 127 теңге төлеуі әбден мүмкін. Коммуналдық мекеме бұл ұсынысқа бастан асқан шығын түрткі болғанын айтты. Оған қоса мекемедегі 80 пайыз қызметкердің жалақысы мардымсыз екен.
«Сол 80 пайыздың ішінен бізден көптеген тәжірибелі адамдар кетіп жатыр. Өйткені жалақысы аз. Осы тарифтің арқасында, ең бірінші жұмысшылардың жалақасын көтерейік деген мәселе», - деді «Астана су арнасы» МКК директоры Табиғат Зейнелқабен.