Ақтөбелік компания әрекетсіздік танытып отыр деп Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың үстінен сотқа шағым түсірді деп жазады «Время» газеті.
Газет тілшісінің хабарлауынша, оқиға 2019 жылы Ақтөбеде Nefrolife Aktobe медициналық орталығы ашылған кезде басталған. Орталықтың жетекшісі әрі иесі бұрын “Ақтөбе БелАсу” ЖШС-де дәрігер болып істеген. Бастапқыда осы екі ұйым арасында дау туындаған.
Газеттің дерегінше, "Ақтөбе БелАсу” ЖШС Nefrolife Aktobe лицензиясын мемлекетке жалған құжаттар көрсету арқылы алған деп мәлімдеме жасаған. Осыған байланысты, ЖШС Nefrolife Aktobe-ні лицензиясынан айыру туралы бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігіне есеп беретін мекемеге және тікелей Денсаулық сақтау министріне жүгінген. Бірақ бұл нәтиже бермепті.
Ақыр соңында “Ақтөбе БелАсу” ЖШС Алексей Цойдың үстінен сотқа арыз түсірген. Компания заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қолданбаған Денсаулық сақтау министрлігі басшысының әрекетсіздігін заңсыз деп тануды сұрайды.