Жамбыл медицинасында үлкен жаңалық. Енді дәрігерлер электроэнцефалография құрылғысымен құрсақта жатқан сәби мен терең комаға түскен адамның миын тексере алады. Мұндай аппарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының жоспарланған бюджет есебінен алынып отыр.
Заманауи құрылғы қазіргі таңда Жуалы аудандық орталық ауруханасына қойылған. Себебі бүгінде Жуалы ауданы бойынша эпилепсия ауруымен 48 науқас невропатолог дәрігердің диспансерлік есебінде тұр. Эпилепсияның біріншілік кезеңін ерте анықтауға арналған құрылғымен науқас тәуліктік тексерілуден өте алады. Онда мидың белгіленген бөлігіндегі ошақты көрсетумен қатар, ұстама кезіндегі жағдайлар да анықталады. Осы диагностиканың арқасында медициналық талдау-зерттеу қорытындысы жасалып, жедел түрде ем тағайындалады. Аталмыш құрылғыға тексерілу үшін пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға дәрігердің тағайындамасымен барып, өте алады. Сондай-ақ бұл жабдықтың көмегімен құрсақтағы нәресте миының ұдайы электрлік белсенділігін де анықтауға мүмкіндік бар. Тіпті терең кома (терең ұйқыға ұқсас ессіз күй) мен наркоз кезіндегі ми толқындарының сипатты суретін көруге болады. Жалпы электроэнцефалография медицинада мидағы ісіктің аумағын анықтау үшін, мидың дәрі-дәрмектік препараттарды енгізуге және енгізгеннен кейінгі функционалдық күйін бағалау үшін қолданылады. Міне, осындай заманауи қондырғы енді Жамбыл жеріне де жетіп отыр. Бұл өңір медицинасы үшін үлкен олжа екені даусыз. Әрі аталған құрылғы талай адамның өміріне араша түседі деп сенеміз.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы