Әйел бетін пышақпен тілген бұрынғы күйеуін соттамауды сұрады
Әйел бетін пышақпен тілген бұрынғы күйеуін соттамауды сұрады
333
оқылды
Бұрынғы келіншегінің бетін пышақпен тілгілеген ер адамға үкім шықты.

Ақтөбе қалалық сотының шешімімен 38 жастағы айыпталушы 4 жылға бас бостандығынан айрылды. Жәбірленуші бұрынғы күйеуін кешіріп, судьядан оны бас бостандығынан айырмауын сұраған болатын. Алайда сот ер адамның қылмысты қатыгездікпен жасағанын ескеріп, әрі кінәлінің ол кезде мас болғанын алға тартып, қоғамнан оқшаулау дұрыс деп тапқан.

«Бекенов қылмыстық кодекстің 106-бабының 1-бөлігімен, яғни денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Істі қарау барысында жәбірленуші келтірілген залалды өндіру туралы азаматтық талабынан бас тартқан»  деді облыстық соттың баспасөз хатшысы Еділ Құдайберген.

Оның айтуынша, оқиға наурыз айында болған. Қатты қызғаныштан ер адам бұрынғы әйелін жұмыс орына іздеп барып, бетін пышақпен тілгілеп тастаған. Кейін түк болмағандай, сыраханада біреулер оған қастандық жасады деп, жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалған. Сот процесі кезінде ер адам оған материалдық көмек көрсетіп, пластикалық отаның қаражатын төлеуге уәде берді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

[embed]https://youtu.be/MP8DMyjPzeM[/embed]