Елімізде құс тұмауының таралуына байланысты кәсіпорында құстар жаппай қырылды. Құс фабрикасында індет басталғанға дейін құс басының жалпы мөлшері 502 600 бас болған.
«Біз бірде-бір алып тастау актісін де, жою актісін де алған жоқпыз. Біздің фабрикада ашық ауада әлі де 70 мыңға жуық құс жатыр. Қазір жай ғана құстарды жоюға бар күшімізбен көмектесіп жатырмыз, бірақ мемлекеттік органдарсыз жоюды өз бетінше жүргізуге құқығымыз жоқ. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдардан қолданыстағы ережелер шеңберінде уақытылы әрекет етуін, тиісті ресімдеуін, өтемақы мен көмек төлеуін күтудің қажеті жоқ екені түсінікті болып отыр. Сондықтан біз фабриканың жұмысын толығымен тоқтата тұруға және қызметкерлерді қысқартуға мәжбүрміз. Бүгінгі таңда біз қызметкерлерге қыркүйек айына толық жалақы төледік» дейді кәсіпорынның құрылтайшысы және инвесторы Александр Лоренц.
Арқалықтағы құс фабрикасы 1970 жылдан бері жұмыс істеп келген. Кейін 1992 жылы фабриканың жұмысы тоқтатылған. Германиядан келген инвестор Александр Лоренцтің күшімен кәсіпорынды қалпына келтіру 2008 жылдың жазында, «Агроинтерптица» ЖШС құрылған кезде басталды. 2009 жылы 20 жылға жуық үзілістен кейін өндіріс қайта іске қосылды. 2017 жылы фабрика жылына 123 млн дана жұмыртқа шығара бастады.