Сенат басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
– Украина – Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара ынтымақтастыққа және достыққа негізделген. Біздің елдеріміздің мәдени-гуманитарлық байланысы да дәйекті түрде дамып келеді. Алдағы уақытта өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға екі мемлекет мүдделі. Осы тұрғыдан келгенде бүгін қабылданып отырған заң құқық қорғау саласы бойынша ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді деп сенеміз, – деді Сенат Төрағасы М.Әшімбаев.
Шартта қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек рәсімдері, сұрау салудың нысаны мен мазмұны, беру шарттары, көмек көрсетуден бас тарту үшін негіздер жазылған.
«Шартты ратификациялау күдіктілер мен айыпталушылардың қылмыс жасаудағы кінәсін дәлелдеуге бағытталған іс-әрекеттерді кешенді жүргізуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ Қазақстан мен Украинаның құзыретті органдарына тікелей өзара іс-қимыл жасауға өкілеттік береді» деп түсіндірді сенатор Нұрлан Бекназаров.
Осы шартты ратификациялау нәтижесінде екі елдің қылмыстық-құқықтық саладағы өзара шарттарының толық топтамасын жасақтау ісі аяқталды.
Сонымен қатар депутаттар Сенат отырысында бірқатар сауалдарын жария етті. Ә.Бектаевтың сауалында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудағы проблемалар айтылды. А.Күрішбаевтың сауалы агроөнеркәсіп кешенінің статистикасын жетілдіру мәселелеріне қатысты болды. Д.Нөкетаева сирек кездесетін аурулары бар адамдарды дәрімен қамтамасыз ету және уәкілетті органның тіркеуінсіз елге әкелінген дәрілік заттарды өткізуді реттеу туралы сауалын жария етті. Ә.Нұралиев суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді қозғады. Р. Әбдікеров «Кітапхана ісі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігін жеткізді. С.Алдашев 2025 жылға дейін салынуы тиіс «Бейнеу–Шалқар» автомобиль жолының құрылысына назар аудартты. Ә.Құртаев мақта бағасын реттеу мәселесіне мән-маңыз берді.