«Кейбір заңнамалық актілерге жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасының тағы бір өзекті тұсы бар: Қазақстанда бүгінде электр қуатының артықшылық-профициті қалыптасқан, ол шамамен 3 000 МВт құрайды. Сонымен бірге маневрлік қуаттардың тапшылығы туындауда. Себебі елде электр энергиясы бірқалыпты тұтынылмайды, яғни кешкі уақытта сұраныс артса, түнде ең төменгі көрсеткішке дейін құлдырайды. Ал бұл электр стансаларынан «жедел ауыспалы жұмыс» жүргізуді талап етеді екен. Осы орайда, құжат жаңа маневрлік қуаттарды тұрғызу үшін тартымды жағдай жасамақ, алпауыттарға жеңілдіктер беру ұсынылған. Бұл олардың төл мүмкіндіктері есебінен электр «тогын» өндірудегі және тұтынудағы теңгерімсіздікті реттеуіне жол ашады делінді. Бұл ретте жобалар аукцион арқылы іріктелетін көрінеді. Нәтижесінде, еліміздің электр энергетикалық жүйесінің сыртқа тәуелділігі азаймақ. Бұған қоса, реттеу жөнінде көрсетілетін қызмет үшін Ресейге кетіп жатқан қаржы енді Қазақстанда қалатыны айтылды. Бұл жыл сайын шамамен 10-12 млрд теңгедей қаражат. Жобада жаңғыратын энергия көздерін қолдау үшін «өтпелі тарифті» белгілеу көзделіп отыр. Әйтпесе, қолданыстағы «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес ЖЭК-тер өндірген қуатты KEGOC-қа қарайтын қаржы-есеп айырысу орталығы сатып алады, бірақ оған жұмсалатын шығындар дәстүрлі стансалардың электр энергиясына арналған шекті тарифтерге қосылып кеткен. Салдарынан жел мен күннен ЖЭК-тер шығарған электр көлемі жылда ұлғайған сайын су, көмір және мазут қолданатын ГРЭС, ЖЭС-тердің өз дамуына бағыттайтын қаражатының көлемі тұрақты түрде кеміп барады. Заң жобасы ЖЭК-терге өзге де қолайлы жағдай жасауды қарастырады. Мысалы, олардың электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін қазіргі 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтпақ. Жаңартылатын энергия көздерінің электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыру мерзімін 5 жылға ұзарту ұсынылады. Ол инвесторға аукциондық сауда-саттықта неғұрлым төмен тарифті ұсынуға жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Мұның сыртында депутаттар заң жобасында егер ЖЭК алдындағы төлем бойынша өз міндеттемелерін орындамаса, квазисекторға, яғни қаржы-есеп айырысу орталығына көмектесуге Үкіметтің өзін міндеттеді.
Айхан ШӘРІП