Әрине, праймеризге қатысушылардың сайлауалды бағдарламаларының бәрін бірдей жүзеге асыру мүмкін болмаса да, бұл дода біздің бір бағытқа қарай бет алғанымызды көрсетті. Осы тұрғыда «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген жақсы сөз еске түседі. Дәл осы праймериз ел тірлігіне білек сыбана араласқан әрбір азаматтың жақсы бастамасы халықтан қолдау табарына сөзсіз дәлел болған секілді.
Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты электоратпен кездесудің басым бөлігі онлайн форматта өткендіктен, кейбір сәттерде кері байланыстың болмағаны сайлауалды бағдарламаны толық ашуға кедергі келтіргені рас. Аталған мәселе ұйымдастыру жұмыстарына да айтарлықтай кесірін тигізгені тағы бар. Десе де, көппен көрген ұлы той. Праймериз, менің ойымша діттеген мақсатына жетті.
Динара СӘДУАҚАСОВА,
республикалық «Жас ұлан»
бірыңғай балалар мен
жасөспірімдер ұйымының төрайымы