Қазіргі таңда ғаламтор желісі деструктивті діни ағым идеологиясын тарату бойынша алдыңғы қатарда тұр деп есептеледі. Бұл проблеманың негізгі шешімі – ғаламтор желісінде жарияланатын діни ақпараттарға қатаң қадағалау жасап, теріс дінді насихаттаушыларды заңды жауапкершілікке тарту.
Аталған жұмыстар тек ғаламтор желісінде ғана емес, бүкіл дін саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтарды қамтиды.
Атырау облысы әкімдігі Дін істер басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевтың айтуынша, әкімшілік ықпал ету әрекеттерінің күшею себебі Атырау тұрғындарының өзіндік бір менталитетінен болып тұр. Атырау тұрғындары жасаған әрекеттерінің бұрыстығын ауызша түсіндірмеден гөрі заң жүзінде шыққан шешімнен кейін ғана түсіне бастайды. Яғни, заң алдында жауап беретін кезде ғана санасы «оянып» кешірім сұрап, болған іске өкінетіндерін айтып, ақталады.
Атырау облысы Дін істері басқармасы жүргізген жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі интернет желісі арқылы тұрғындардың санасын улап отырған аккаунттар 69,7 пайызға азайған.
Алайда әкімшілік құқықбұзушылық жағынан өңірде көрсеткіш артып тұр. Айталық, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің дін саласына қатысты 490 және 453-баптары бойынша 2020 жылы жалпы 63 факті тіркелген. Дерек өткен жылғыдан 6 жағдайға өсті. Аталған әкімшілік құқықбұзушылық әрекеттерге тоқталатын болсақ, 2020 жылы діни әдебиетті, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, әзірлеуге, басып шығаруға және таратуға белгіленген талаптарды бұзу бойынша 36 дерек тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 фактіге көбейді.
Аталған 36 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 3-іне айыппұл салынды. 25-і заңды себептермен қысқартылды. Айтарлығы, 26 дерек бойынша 20 дерек, 1 құқықбұзушылық әрекетте тіркелген тұлғалардың әрқайсысына бөлек-бөлек іс қозғалу себебінен сандық есепті көбейтіп отыр.
Миссионерлер де қарап жатпайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 4-тармағы бойынша, яғни миссионерлiк қызметтi тіркеусіз жүзеге асыру бойынша 2 факті тіркелді.
Ал Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі жетекшісі Г.Мұхтарова жыл басынан бері деструктивті діни ағымдардың мүшелері 30 қылмыс жасағаны туралы деректі алға тартты. 30 қылмыстың 7-еуін екіден көп адам немесе топ болып жасаған. Қылмыстың екеуі экстремистік сипаттағы қылмыс. Қалған 28 қылмыс әртүрлі бұзақылық. Сондай-ақ 67 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Қылмыстың дені Атырау қаласында болған. Бұл құқықбұзушылыққа барғандар өздері діни ағым мүшелері болмаса да, діни әдебиеттер, аудио-бейнетаспадағы жазбаларды таратумен айналысқан.
Айтарлығы, биылғы мамырда Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері деструктивті діни ағымдардың бірінің 32 жастағы жақтаушысын ұстаған болатын. Полицейлер оны синтетикалық есірткі сатқаны үшін қолға түсірген.
«Бірақ бұл оған тағылған жалғыз айып емес. Тергеу дерегіне сүйенсек, ер адам ДАИШ тобының содырларына қосылуды жоспарлап, бірнеше рет таныстарымен терроризмді насихаттаумен айналысқан», – дейді облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Нұрхат Кенжебайұлы.
Сайып келгенде, діни ахуал тұрақты деген Атырауда діннің өзге ағымына ілесіп жүргендер жетерлік. Хиджаб кигендер толы аймаққа сырттан келгендердің Атырауды араб елдерімен шатастырып алып жататыны да облыс тұрғындарын толғандырады. Биыл мектептерде карантинге байланысты оқушылар сабаққа іріктеліп барды. Әйтпесе, жыл сайын жыр болатын орамал тақырыбы қозғалып қалмасына кепіл жоқ.