– Елбасының «Абай аманаты» мақаласынан өзімді көптен бері толғандырып келе жатқан сұрақтың жауабын таптым. Абайтанудың мектеп бағдарламасына арналған бірнеше нұсқасы жазылғаны белгілі. Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов бір мақаласында Абайды кезеңге бөліп зерттеу керек, кезеңге бөліп оқу керек деген.
Абайтану саласында Абайды мектепте қалай оқыту керек деген бағытта жұмыс істеймін. Ал Елбасы мақаласында «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға «...ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы» деп жауап жазады. Ендеше біз неге балаларға Абайды бала кезден түсіндіріп өсірмейміз. Біз мектеп бағдарламасында абайтануды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай кезең-кезеңімен бөліп оқыта алмай келе жатырмыз. Бала Абайды «Абай жолы» романының мазмұны бойынша 14 жасында Семейдегі Ахмет Риза медресінен қайтып келе жатқан кезінен білеміз. Ал оған дейін Абайдың дүниеге келуі, Абай өскен орта, туған жері, рухани тәрбиесі, әкесінің баласына көрсеткен мейірімі, Абайдың елгезектігі, оның ауыз әдебиетіне қызығушылығы жайлы көп айта бермейміз. Бала Абайды тани алмаған бала ақын Абайды қалай таниды. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласындағы Абай атындағы №87 мектепке осы бағдарламаны енгіздік. 1-5-сынып аралығында бала Абайды оқыту, 6-8-сынып аралығындағы оқушыларға ақын Абайды оқыту, 9-11-сынып оқушыларына хакім Абайды оқытуды жолға қойдық. Одан кейін саты-сатысымен Абай айтып кеткен «толық адам» тұжырымдамасын оқытуға көшеміз, бұл – бағдарламаның негізгі мазмұны.
Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,
ақын, абайтанушы