Елшілер неге еркінсіп кетті?
Елшілер неге еркінсіп кетті?
260
оқылды
2018 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Анарбек Қарашевтің ірі көлемде пара алғанын әшкерелеген.
«Ол лауазымды қызмет атқарған кезінде Сәкенова, Нұрекенов, Жұма­санова сияқты министрлікке қарас­ты мекеме басшыларының заңға қайшы әрекеттерін жасырған. Аталған үштік халықаралық деңгейдегі шаралар­ды ұйым­дастырған кәсіпкерлерден 29 млн теңгедей пара бопсалаған. Қарашев сол үшін олардан жүйелі түрде 10 миллион теңгеден асатын заңсыз сыйақы алып отырған», – дейді агенттік өкілдері.
Тергеу хаттамасына сенсек, шенеунік 18 түрлі мейрамхана мен саунада де­малып, 7,5 млн теңге қазына қар­жысын оңды-солды шашқан. Ал Ерік Өтембаев бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Экс-дипломат Өз­бекстанда Қазақстан елшілігінің әкімшілік ғимаратын жөндедім деп құрылыс жұмыстары бойынша жалған актілер толтырып, мемлекетті 140 мил­лион теңге шығынға батырған. Қыл­мысқа Анарбек Қарашевтің де қатысы бар деседі. Алайда прокурор сот процесі барысында Анарбек Қарашевтің жемқорлығын жоққа шығарып, айыптаудың жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Сөйтіп, сот күдіктінің іс-әрекетін лауазымдық өкілетін теріс пайдалану бабымен саралады. Заң өкілдері Қарашев пен Өтембаевтың алғаш рет жауапқа тартылғанын және кәмелетке толмаған балалары барын ескеріпті. Ерік Өтембаевтың былтыр кепілақымен босатылғаны да есі­мізде.
Айтпақшы, Анарбек Қарашевтің сейфінен 1,5 млн доллар табылып, тәркіленгені мәлім. Сот сол ақшаны түгелге жуық «иесіне» қайтарып бер­ді. Осы орайда, PROTENGE Telegram-арнасы: «Егер тінту кезінде үйіңізден жарты миллион еуро табыл­са және сіз оны мемлекеттік қыз­­меттегі 20 жылдық жалақым деп айт­­­саңыз, ақша өзіңізге қайта­рыла­ды. Сыртқы істер министр­лігінің бұрынғы жауапты хатшысы солай істеді» деп мысқылдай жа­зыпты.
Сонда дейміз-ау, бір шенеуніктің үйінен қара қазақтың өңі түгіл түсіне кірмейтін орасан сома шығады екен, құқық қорғау органдары оны жаһан­ға жар салып жариялайды екен, бірақ екі жылдан соң ақшаның адал жол­мен табылғанына көз жеткізеді екен. Қиыннан қиыстырса да, қисын­сыз­дау әңгіме сияқты ма, қалай? Жалпы, Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктердің жеңіл-желпі жазамен сытылып кететіні бесенеден белгілі. Заң алдында бәрі бірдей деген қағида «ірі жайындарға» келгенде жайына қалады. Ресми дерекке жүгінсек, бүгінге дейін ел қаржысын талан-таражға салған 30 мыңнан астам шенеунік ішкен-жегенін кері құсып, жазадан оңай құтылыпты. Біздің сот шен­ділерге үкім шығарарда қандай не­гізге сүйенетіні түсініксіз. Қылмыс­тың салмағын таразылай ма, әлде айып­тының биліктегі биік мәртебе­сіне қарай ма, оны өздері ғана біледі. Сот жүйесінің тәуелсіздігі жөнінен әлем­де 71-орында тұрғанымыз да біраз жайтты аңғартады. jemkor Кейінгі кезде отандық елші­лер­дің тым еркінсіп, шектен шыға бас­та­ғаны рас. Қадағалаудың әлсіз­ді­гінен бе немесе сыртта жүрмін деп ойына келгенін ойрандай ма, әйтеуір дип­ломаттардың басы даудан арыл­май қойды. Қазіргі таңда Қазақ­станның 60-тан астам мемлекетте өз өкілдігі бар екен. Әр жердегі жағдай әркелкі. Сондықтан әлемнің әр түк­піріндегі елшіліктерді бір сөзбен баға­­лау қиын. Экс-дипломат Расул Жұмалының пікірінше, Қарашев пен Өтембаевтың ісіне таңғалатын жөні­міз жоқ.
– Заң баршаға ортақ. Заңды бұзса, жемқорлыққа ұрынса, ми­нистр ме, әкім бе, бірдей жазалануы керек. Амал қанша, бізде керісінше. Адам­­ның неғұрлым мансабы жоға­ры, байлығы мол болса, жазадан оңай құтылатыны, темір торға емес, үйқа­маққа алынатыны жасырын емес. Тіпті, 1 млн доллармен ұсталған Ким секілді сот залынан босаған­дарды да көзіміз көрді. Сөз жүзінде заң бәріне тең, ал шын мәнінде бұл механизм жұмыс істемейді, – дейді саясат­танушы.
Мемлекет басшысы сенім артып жіберген сырттағы қызметкерлер кейде сол сенімді ақтамай жатады. Дипломатиялық миссиямен шетелге аттанғандардың біразы өзін де, Ота­нын да масқаралап үлгерді. Қазақ­­стандық шенеуніктердің мас күйде жүргенін, тәртіп бұзғанын, біреу­лермен төбелескенін, контра­­бан­дамен айналысқанын естігенбіз. Мы­салы, 2011 жылы Германияның Франкфурт қаласында жергілікті полиция қазақстандық бас консулды тұтқындады. Дипломатымыз кон­тра­­бандамен шұғылданып, заңсыз темекі сатыпты. Дипломатиялық поштаның салықтан босатылғанын пайдаланған елшілік қызметкері Гер­манияға кон­трабандалық шылым апа­рып саудалаған. Неміс поли­циясы оның үстінен қылмыстық іс қозғады. 2018 жылғы ақпарат бойын­ша, Лон­дон полициясы көлікті тыйым са­лын­ған жерге қойғаны үшін дип­ломатиялық мис­сияларға 1 мил­лион фунт стер­линг айыппұл салса, оның 187 мың фунт стерлингке пара-пар 1 700 айып­­­пұлы  Қазақстан елшілігіне тиесілі екен. «Әсіресе, қара түсті BMW 318 көлігі рекорд жасап, 471 рет тәртіп бұзған. Осы көлікке салынған айып­пұл көлемі – 53 800 фунт стер­линг» деп жазады Ұлыбри­танияның The Telegraph басылымы. Айыппұлды өз қалтасы­нан емес, мемлекет есебі­нен төлей­тіндіктен бе, қазақстандық дип­ломаттар қара­пайым жол ере­жесін де сақтай бермейді.
– Елшілерді еркінсіткен кім? Бі­рінші кезекте – заң. Елшілік қыз­­меттің Вена конвенциясы арқы­лы бақыланатын өз басымдықтары бар. Олар дипломатиялық имму­нитетке ие, полицияның оны бе­тал­ды жауап­қа тартып, түрмеге қа­мауға құқығы жоқ. Дипломаттар өзіне қажет тауар­ды ешқандай қо­сым­ша құн салығын төлемей-ақ арнайы дү­кеннен сатып ала ала­ды, – дейді сая­­саттанушы Қа­зы­бек Бейсебаев.
Отандық дипломаттардың қар­жылық махинациялары да талай ашылған. Мамандардың сөзінше, дипломатиялық миссияны атқа­­рушыларға ақшаны есепсіз жұм­сауға қолайлы жағдай жасалған. «Ең жо­ғарғы деңгейдегі қабылдау жүр­гі­зілді», «ел имиджін арттыруға ба­­ғыт­­­талған іс-шара өткізілді», «жұмыс сапа­рымен шетелдік қала­ларды ара­­­­лады» деген желеу­мен миллион­даған қаражат желге ұша­ды. Ондай іс-шаралардың көбі қағаз жүзінде атқарылатын фор­малды жиындар екені анық. 2015 жылы Сыртқы істер министрі бол­ған Ерлан Ыдырысов: «Хатта­малық, имидждік және басқа да іс-шараларды өткізу тұрғысынан алғанда елшіліктердің қызметі едәуір оңтайландырылды. Соның есебінен бюджет шығындары ана­ғұрлым қыс­қарды» деп еді. Демек, қажетсіз ша­ра­лардың барын ми­нистр де мойын­даған. Дипломатиялық қызметте ұйым­дасқан қылмыстық топтың белгілері де жоқ емес. Қайбір жылы Алматы­дағы консулдық қызметтегі депар­тамент директорының орынбасары Қайсар Арқабаев пен оның 7 сыбай­ласы тұтылды. Олар Қазақстанға кі­ру визалары мен рұқсат қағаздарын сатуды жолға қойып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Жылдар бойы жүргізген «бизнесі» аяқ асты­нан әйгіленген Арқабаев абақтыға жа­былды. Әрине, өзге мекемелермен са­лыс­тырғанда Сыртқы істер министр­лігінде жемқорлық дерегі сирек кез­десетінін мойындаймыз. Төбедегі төрелерге қоңырау шалу, соғым сый­лау, өтініш айту, ағасына-көкесіне арқа сүйеу, тамыр-таныстықпен жұмысқа орналасу секілді кеселдер бүкіл мемлекеттік басқару жүйесіне тән. Дипломаттар – осы жүйенің бір бөлігі. Олар да қалыптасқан ойын ережесімен ойнайды.
– Дипломатияда жемқорлық аты­мен жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, меніңше Сыртқы істер ми­нистрлігінде «жеуге» мүмкіндік аз. Өйткені СІМ – ақшамен жұмыс істемейтін орта. Біреуге лицензия беретін, экономикалық тетіктерді шешетін құзыреті кем. Жемқор мекемелердің рейтингі бар. Сол рей­тингке көз жүгіртсек, негізінен заң­ды­лықты қамтамасыз етуге тиіс құ­қық қорғау орындары, тексеруші ор­гандар, қаржы мен саудаға жақын мекемелер көш бастайды. Ал СІМ халықаралық қатынастарды реттеу­­мен, келіссөздер өткізумен, ақпарат­тық-сараптамалық материалдар жи­наумен айналысады. Қысқасы, дипломаттардың жемқорлыққа ұры­­­нуына алғышарттар шамалы, – дейді Расул Жұмалы.
Тағы бір экс-дипломат Қазыбек Бейсебаевтың ойы да осы ауқымнан ауа жайылмайды.
– Сыртқы істер министрлігі Үкі­­­меттің органы ғой. Онда да жем­­­қорлық бар. Өйткені оларға бюджет­­тің ақшасы бөлінеді. Содан кейін олар бөлінген ақшаны өзара бөлісіп алады. Бірақ дипломаттардың заң­бұзу­­­­шылықтарынан жалпақ жұрт бейхабар. Мысалы, шетелдегі ше­неу­­нікті сіз қалай тексерер едіңіз? Оған бару керек, келу керек, қан­шама шығын. Беларусь пен Өзбек­стандағы жемқорлық қалай әшкере­ленді? Өйткені біз ТМД аумағында құрылыс материалдары қанша тұра­тынын білеміз. Аудан, облыс әкім­дері бірдеңе бүлдірсе де, көзге бірден көрінеді. Шетелдегі жемқор­лардың әрекеті онша байқалмайды. Дипло­маттар жол салмайды, мектеп сал­майды. Олардың жалақысы да өте жақсы. Ұлттық компания қызмет­керлерімен бірдей табатын шығар. Сондай-ақ шеттегі елшіліктерге аз қаржы бө­лінеді. Жалақыға, комму­нал­дық тө­лемдерге тағы басқа шы­ғындарға аса көп ақша жұмсал­май­ды. Соны­мен, қорытынды мы­надай: Сыртқы істер министрлігінде де жем­қорлық бар. Тек өзге сала­­­лармен салыс­тыр­ғанда оның мас­­­штабы кіш­кентай, – дейді сарапшы.
Дипломатиялық миссия – Қа­зақ­­станның әлемдегі бет-бейнесі, ел имиджіне тікелей ықпал ететін сала. Сондықтан отандық дипло­­маттар­дың әр қадамы әрқашан көптің назарында. Қалай десек те, осындай оқиғалардан кейін елшілік қызметке үміткерлерді қатаң сұрыптан өткізу қажет деп санаймыз.  

Еркебұлан НҰРЕКЕШ