Кешеннің ішінде Жезқазғанның киелі жерлеріне арналған экспозициялар мен демонстрацияларға арналған арнайы залдар бар. Дизайнерлер тарихи жазбаларды қалпына келтіріп, балауыз фигураларын салады. Арнайы кірпіш төселуінің арқасында ауа райына қарамастан, ғимарат әрдайым жылы болады. Туристер үшін қонақүй кешені мен асхана да дайын. Құрылыс компаниясы директоры Абай Байділдаевтың айтуынша, нысанда құрылысшылар екі ауысыммен жұмыс істейді. Қазір құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті. Аумақты абаттандыру және көгалдандыру шаралары жүргізіледі. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Кешеннің ауласында Жошы ханның бес метрлік гранит ескерткіші тұрғызылды. Тарихи кешеннің айналасында этноауыл пайда болады. Ұлттық бұйымдар мен әшекейлер көрмесін өткізу үшін киіз үйлер мен шатырлар орнатылады. Жошы ханның тарихи-мәдени кешені Алтын Орда дәуірін зерттеуге арналған ғылыми орталық болмақ. Әрі мұнда отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізуге де мүмкіндік болады.