Түркістандық жастар екі күнін ауылдың тыныс-тіршілігімен танысуға арнады. «Ауылдағы бір күнім» телевизиялық реалити-шоуы аясындағы «Мал мен егін – көл-көсір өнім» сайысында облыстағы белсенді де, өнерлі волонтерлар ауыл тіршілігімен танысып қана қоймай, жарысқа түсті.
Бірнеше турдан тұратын сайыстың негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығын жастар арасында дәріптеу, жастардың еңбек қабілеттілігін арттырып, баулу. Сондай-ақ облысымыздағы ірі шаруашылық орталықтардың жұмысын жастар арасында насихаттау мен ауыл жастарының ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік белсенділігін арттыру.
Бұл жобаға 16 аудан-қаладан 2 қатысушыдан қатысып, олар жеребе бойынша төрт командаға бөлініп, сайысқа түсті. Жарыстың алғашқы күні Қазығұрт ауданындағы бақтан алма терумен басталып, арты жігіттер қауымының қой қырқуына ұласты. Алғашқы сайыста «Сырдария» құрамасы басым түссе, қой қырқу кезінде «Алатаудың» жігіттері ептілігімен алға шықты. Жігіттердің айтуынша, қой қырқуды алғаш рет көріп тұрғандары да бар, соған қарамастан олар ұйымдастырушылардың тапсырмасын жоғары дәрежеде орындауға тырысты.
Ал сайыстың екінші күні Сауран ауылдық округінде картоп қазып, оны жинаумен басталды. Бұл жерде қатысушылардың картоп жинаудағы жылдамдықтары мен салмақ бойынша басымдылықтары есептеліп, нәтиже бойынша «Сырдария» тобы алға шықты. Әріқарай қатысушылар сайысты мақта алқабында жалғастырды. «Оңтүстік – ақ алтынның Отаны» саналатындықтан, бұл сайыстың жастарға тапсырма ретінде берілуі заңды. Мақта теру кезінде қатысушыларды бағалаған қазылар оның тазалығына, салмағына жіті мән берді.
Қазылар алқасының төрағасы, Түркістан облысы Ауылшаруашылық басқармасының бас маманы Әбдібай Мұстафаев «Мақта – оңтүстіктің мақтанышы. Негізінен еліміздің оңтүстігінде ғана өседі және біздің облысымыздың экономикасына да айтарлықтай табыс алып келетін шаруашылық түрі. Қазіргі жастар мақта алқабына жиі бармаса да бүгінгі сайыста барынша ептіліктерін көрсетіп жатыр. Оларды жан-жақты саралай келе «Тұран» мен «Сырдария» командаларына бірдей ұпай бердік, ал «Қаратаулықтар» аз ғана ұпаймен артқа шегінді» дейді.
Екі күн бойы ауыр әрі қызықты жұмыстармен сайысқан жас волонтерлар жарыс соңында интеллектуалдылық жағынан да сынға түсті. Қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарынан хабарының да жоқ еместігін көрсетті.
«Бұл – жастарды еңбекке баулуға арналған жақсы жоба. Біздің Түркістан облысы халқының 80 пайызы ауылды елді-мекеннен тұрады. Өңірімізде ауыл шаруашылығы әлеуеті қарқынды дамып келеді, бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп. Ата кәсіптің жандануы, ауыл шаруашылығындағы инновациялық даму, шаруашылыққа жаңа технологияларды ендіру – ендігі жастардың еншісінде. Қазақстан келешекте әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзінің табиғи ресурстарына сай, лайық орнын алады деп сенеміз. Осы мақсатта қызмет етеміз» – дейді «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Амалбек Өміртай.
Жастар екі күн бойы нағыз ауыл өмірін сезінді және өздерінің еңбекке қабілеттіліктерін дәлелдеді. Нәтиже бойынша, «Қаратау» командасы III орын, ал «Алатау» II орынды иеленді, I орынды «Сырдария» құрамасы еншілеп, Бас жүлдені «Тұран» тобы иеленді. Жеңімпаз жастарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.