45 пайызы банкрот болған ба?
Елде наурыз айында тым-типыл тыныштық орнады. Қатаң карантинде барлық бизнес түрінің есігі тарс жабылды. Үйге дейін жеткізу қызметін есепке алмағанда, көп кәсіп тұралап қалды. Тіпті, тамақты үйге апарып беру сервисі бұрынғыдан бетер дамыса да, жалға алған орын, жұмыссыз қалған қызметкер, өзге де шығындар пайданың астында қалуға мүмкіндік бере қоймады. Мамырда жағдай сәл-пәл өзгеріп, жазғы алаңқайларда жұмыс істеуге рұқсат етілді. Дегенмен кафе-мейрамханалардың бәрінде бірдей алаңқай жоқ екенін ескерсек, кейбірі әлі күнге дейін «кеудесін көтере алмай» жатыр.Рестораторлар клубы қауымдастығының президенті Гүлнар Қатибаева шығынды шамамен есептеп берді. Оның айтуынша, карантинге дейін кафе, мейрамхана, бар, караоке, бильярд, кинотеатр мен ойын-сауық орталықтары жанындағы фудкорттардың ұзын саны 16 мыңға жуық болыпты. Әрқайсысында кемі 50 жұмыс орны бар деп алса, республика бойынша 800 мыңдай қызметкер жалақы алып, еңбек еткен. «Бүгінде біз караокелердің қанша шығынға батқанын есептеп шықтық. Наурызда жабылғалы бері 20 млрд теңгеден астам екен. Кинотеатрлар жанындағы фудкорттағы шығын – 7 млрд теңгеге жуық. Түнгі клуб, тойхана, бильярд ойнайтын жерлер нақты соманы әлі атамады. Бірақ ол жерлерде ондаған миллиард шығын бары анық», – дейді Қатибаева.Қауымдастық карантиннен кейін аяққа тұрып, ісін жалғастырып жатқандардың үлесі 55 пайыз деген дерек келтіріп отыр. Яғни, қалған 45 пайызы бүгінде табыссыз қалған. Әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг бойынша, бір ғана Алматыда 6 мыңға жуық нысан жабылған. Дегенмен Мемлекеттік кірістер департаментінде ресми тіркеуде бары 3,5 мың ғана. Олардың да 40 пайызы ісін тоқтатқаны белгілі болып отыр.
Мегаполис кәсіпкерлерінің күні қараң
Гүлнар Қатибаеваның сөзіне сүйенсек, орынды жалға алғандарға тіпті ауыр тиген. Өйткені ол ақыдан бөлек, коммуналдық төлем, қызметкерлерге төленуі тиіс қаражат қосылады. Ол аз десеңіз, ашылып, жұмыс істеп жатса да, санитария талаптарын сақтамады деп айыппұлға ілінгендер де аз емес. «Мәселен, Алматы қаласы Бостандық ауданындағы бір кішкентай кофехана 500 мың теңгедей айыппұл төлеген. Ондай мысалдар жетіп артылады», – дейді қауымдастық басшысы.Орынды жалға алу мегаполистерде өте қымбат. Сонымен қатар Алматы, Шымкент қалаларында коронавирус жұқтырғандар саны да жоғары. Кәсібін жүргізу үшін жеткізу қызметін қолға алып, оған да бейімделуге тырысты. Дегенмен карантинге дейінгідей күн қайда? Табыстың бұрынғыдай болмайтыны белгілі. Жалға берушілер жұмыс жүрмей жатыр деп ақыны алмай қоймайды. Өйткені олар үшін бұл – бизнес.
Қатал карантиннен кейін жұмысын жалғастырғандардың да жағдайы «бес» емес екен. Олай дейтін себебіміз, қызметшілер азайып, жүктеме көбейген. Қатибаева мысал ретінде сырахана желісін келтірді. «Сырахана жұмысына кіріскен соң, қызметкерлерінің 30 пайызы ғана оралған. Өйткені көпшілігі басқа жұмыс тауып алған. Әсіресе, техқызметкерлер тапшы. Бұрын ыдыс жуу, тазалау сияқты жұмыстарды Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз елінен келгендер атқаратын. Олар карантиннің алдында еліне қайтып кеткен. Қазір Қазақстанға келе алмай, үйінде. Ал жергілікті халық болса, бұл қызмет түрлеріне деген сұраныстың жоғары екенін біліп, бағасын өсіріп жіберген. Айталық, ыдыс жуушы бұрын 5 мың теңге алса, қазір – 7-8 мың теңге шамасында. Үш-төрт адам істейтін жұмысты 1-2 адам атқарып жатыр. Жүктеме көбейді дегеніміз – осы», – дейді ол.
Кәсібі тоқтап, қарызға батқан Елена
«Үш жыл жұмыс істеп келген кафемізді жабуымызға тура келді. Бірінші карантинді енгізгенде қызметкерлер жалақысы мен кей қарыздарымды жаптым. Бірақ мұздатқышта азық-түлік қалған соң, сақтап қалу үшін жарықты қосулы қалдырдық. Нәтижесінде, қарызымыз 120 мың теңге болды. Былай қарасаңыз, аса көп сома емес. Соның өзін төлеуге шамамыз келмеді. Бір айда қайтарамын деп жарықты өшірмеуін сұрағаныммен, ешкім тыңдамады. Жарықсыз қалып, мұздатқыштағы азық-түлік те бұзылды. Коммуналдық төлемге де, салық бойынша да шегерім жасалмады. Хат жаздым, сұрадым, уәде бергенімен еш нәтиже болмады. Содан мүлкімді сатып, кафені жаптым. Соның өзінде қарызым біткен жоқ. Мемлекет еш көмектеспеді. 15 адам жұмыссыз қалды», – дейді Алматыдағы «Центр» кафесінің иесі Елена Юферова.Енді кәсіпкер мемлекеттен көмек сұрап отыр. Бірақ қарызын төлеп, шығынын өтеуді талап етпейді. Бар болғаны шегерім жасалса дейді. «Әу баста шегерім жасалады дегенде, қарыздарымыздан біртіндеп құтыламыз деп ойладық. Бірақ бәрі басқаша болып шықты. Қарыз болғандықтан, газ, су, жарықты өшірді. Салық жүктемесі тіпті күрделі – 23 пайыз. Қазір кәсіпкерлерге кредит беріледі деп жатыр. Ал несиені алдық делік, оны қалай қайтарамыз? Алуын алып алып, өсімпұлы бар, мерзімінен кешіктіру мен соттасу сияқты мәселелер алдан шығады. Жағдайымызды түсінгісі келген ешкім жоқ» деп қапаланып отыр кәсіпкер.
«Банкротқа ұшырағандар ісін тоқтатқанымен, мойнындағы жауапкершілік сол күйі қалды. Кейбірі мейрамханадан стрит-фуд бағытына ауысып жатыр. Енді бірі жиһаздарын сатып тастаған. Бұл саланы аман сақтап қалу үшін бөлек орган қажет. Мемлекет емес, бизнесмендер құруы керек. Дағдарыс жағдайынан алып шығатындай алгоритм жасалуы тиіс. Біз ұсынысымызды айттық. Яғни, субсидия беріп, салық жүктемесін кемі бір жылға жеңілдетсе жөн болады. Егер мейрамхана саласының мәселесін шешпесе, жұмыссыз қалғандар көбейеді. Болдырмау үшін айтқанымдай, орган қажет. Тамыр-таныс арқылы субсидия беретін емес, нақты қажеттілік бойынша жұмыс істейтін болуы керек. Мысалы, карантиннің алдында іске кіріскен стартаптар бар. Пандемияға дейін 15 миллион теңгелеп табыс тапқан. Міне, сондай жастарды қолдауға болады», – дейді рестораторлар клубының негізін қалаушы Ирина Лебедева.Мамандардың пікірінше, мейрамхана саласының қайтадан аяққа тұруына кемінде 3 жыл керек екен. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан науқастың күйін кешіп жатқан саланың ел үшін маңызы жоғары. Оларға түскен әр тиын салық боп қайтады. Карантиннің көп кәсіпті көлеңкеден жарыққа шығаруға септігі тиіп жатыр. Әйтсе де, пайдасынан зияны әлдеқайда көп. Бұған кәсіпкерлердің шамасы жетпей жатыр. Мемлекеттен қолдау күтуі заңды. Әлі күнге дейін ашылмаған орындардың жайы – бір бөлек. Табыс түспегені аздай, қарыз көбейіп жатыр. Енді не болады? Кім демеп жібереді? Белгісіз.
Жадыра АҚҚАЙЫР