Қала күніндегі қоныстой
Қала күніндегі қоныстой
5,194
оқылды
Алматы облысы орталығына Алма­тыдан енетін күрежолдың  сол жағында орналасқан коттеджді қалашықтан 71 отбасы жеке үйлердің кілттерін алды. Жалпы, қала күні құрметіне  орай­лас­тырылған  баспаналы болу бақыты көп­теген отбасына бұйырды.  Коттеджді қала­шықтан 71 дербес үй, «Көктем» ша­ғын­ауданынан 60 пәтерлі көпқабатты  үй пайдалануға берілді. Баспаналы болғандар қатарында  16 медицина қызметкері бар.  Барлығы  620 үй орналасатын  коттеджі қалашық Талықорғанның сән-салтанатын арт­тырып қана қоймай, жүздеген отбасы­ның керегесін кеңейтуде. Жылдың аяғына дейін тағы біраз  үйдің құрылысы аяқталып, халықтың қуанышы еселене түспек. Талдықорғандықтарды мерейлі мере­ке­мен құттықтаған қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов: – Жылдағы дәстүр бойынша ал­тын күзде біз қала күнін өткіземіз. Жаңа нысандар ашамыз, пәтер кілтін та­быс­таймыз. Сол дәстүрдің биыл да жа­расымды жалғасын тапқанына сіздер де  куә болып отырсыздар. Коттедж қала­шығында 620 үй салынып жатыр. Осы уақытқа дейін 157 коттеджді пайдалануға бер­сек, бүгін  71 үйдің  кілтін тапсырдық. Желтоқсан айында тағы 48 үйді береміз. Жақында заманауи балалар ойнайтын алаң, аллея да ашамыз. Қала күнін жылда сая­бақтарда ауқымды түрде өткізетінбіз. Биыл індетке байланысты оның бәрін тоқтаттық. Осы сыннан аман-есен шы­ғайық. Қала күні құтты болсын! – деген қала басшысы  қалашықта  1 200 орындық мектептің құрылысы басталғанын, сондай-ақ үлкен сауда үйі салынатынын айтты. Бұл жолы да  көпбалалы және толық емес отбасы, жетімдер, мүмкіндігі шектеулі жан­дар мен зейнеткерлер коттедж кілтін иеленгеніне тоқталды. – Қуанышымызда шек жоқ. Мемле­кетке, ел басқарған басшыларға ал­ғыс айтамыз. Барлықтарыңыздың денсаулық­тарыңыз мықты, жұмыстарыңыз жемісті болсын! Жақсылық тілейміз, – дейді үйлі болғандар. Салтанатты шара  қазақы салтқа сай су жаңа үйлерге шашу шашумен, ақ дастарқаннан дәм татумен жалғас­ты. Мұндай қуаныш  «Көктем» шағын­ауданындағы  60 пәтерлі үйдің кілтін тап­сыруда да арнасынан  тасып-төгілді.  Үйлі болған  медицина қызметкерлерінің де көңілдері көтеріліп, мамандыққа адалдықтың игіліктерге жеткізетініне қатысты сенімдері де арта түсті.  

Болат АБАҒАН,  Алматы облысы